Жамбылда неміс инвесторлары алтын өндіретін зауыт салады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында «Aurum Deutschland» компаниясы алтын өндіретін зауыт салады , - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған компания өкілдерімен облыс әкімі Асқар Мырзахметов арнайы кездесіп, қос тарап жобаның мән-жайын талқылады. Неміс инвесторлары өңірімізде алтын өндіретін зауыт салуға ниетті екендіктерін жеткізді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан нарығында бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл компаниямен келіссөздер біраз уақыттан бері жүргізілуде. Жобаға салынатын инвестиция көлемі 329 миллион евроны құрайды. Ал іске асыру уақыты – 9 жыл.

«Биыл тау-кен комбинатының жобалау жұмыстары жүзеге асырылса, келесі жылы жоба аясында зауыттың құрылысы басталмақ. Зауытта жылына 5 тонна алтын өндіріледі деп жоспарлануда. Жергілікті билік зауыт салу үшін әзірге 300 гектар жер бөліп отыр. Құрылыс жұмыстарына 350 адам тартылмақ. Ал кәсіпорын толығымен іске қосылғанда 800 адам тұрақты жұмыспен қамтылады», -делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Асқар Исабекұлы уақытты созбай, сөзден іске көшуді ұсынды. Компания кедергісіз жұмыс істеуі үшін жергілікті билік тарапынан барлық жағдай жасалатынын атап өтті. Атап айтсақ, бұл ауқымды жоба Қордай ауданында жүзеге асырылмақ.


Соңғы жаңалықтар