Жамбылда майдангерлер өмірінен сыр шертетін ресми сайт ашылады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Таразда Ерлік.кз ақпараттық сайтының жобалық нұсқасының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ZhambylNews ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Сайт таныстырылымын облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мадиева жүргізіп, бұл сайт үстіміздегі жылы облыс басшысының тапсырмасымен жаңғыртылған «Ерлік» мемориалдық кешенінің жалғасы екенін айтты. Сайттың өзі 2019 жылдың қаңтар айынан бастап іске қосылады.

2018 жылдың 9-мамырында Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында өткен осы оқиға ертең емес бүгінгі күннің өзінде тарихқа айналып отыр. 105 мың майдангердің атын тасқа қашап жазудың мәні де, мағынасы да зор. Бұл майдангерлерге емес, ерлікті қастерлеу және ерлерді құрметтеу үшін бүгінгі және келер ұрпаққа керек. Мұндағы майдангерлердің тізімін нақтылауға мұрағатшылар көп еңбек сіңірді.

Жамбыл облысынан 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына шақырылған және соғыстан кейінгі жылдары осы өңірге келіп, еңбек еткен, өмір сүрген азаматтардың тізімі жинақталып, алғаш рет облыстағы архивистердің көмегімен электронды нұсқасы дайындалды. Тізім тасқа қашалғаннан кейін де архивтерге келіп өтініш жасаушылар болды. Бүгінгі күні 705 майдангердің есімін мемориалдық кешенге қосымша енгізу үшін Тараз қалалық әкімдігіне тапсырылды.

Өз аталарын тізімнен көргісі келген облыс жұртшылығының тілегінен «Ерлік.кз» ақпараттық сайтын жасау қажеттілігі туындады. Мемориалдық кешенде облыс жұртшылығы соғысқа қатысқан әке, аталарының есімін ғана көрсе, бұл сайтта олардың туған жылы, туған жері, майданға шақырылған әскери бөлім атауы туралы қосымша ақпарат ала алады.

Сондай-ақ, облыстан тыс жерде тұратын жерлестеріміз үшін мемориалдық кешенге келе алмағанымен, ресми сайттан туысы туралы ақпаратты көру үлкен қуаныш болары анық.

Сайтта майдангерлердің тізімінен бөлек, жамбылдық Совет Одағының Батырларының, «Даңқ» орденінің кавалерлерінің өмірбаяндары, суреттері мен ерлік жолдары туралы қысқаша ақпараттар көрсетілген. Олардың есімімен аталған Жамбыл облысындағы аудан, ауыл, көше аттары да екінші бөлімге енгізілді.

«Отты жылдардың тарихы» бөлімінде Жамбыл облысының мемлекеттік архив құжаттары негізінде Ұлы Отан соғысы тақырыбында жарық көрген кітаптардың суреттері мен аннотациясы берілген. Келешекте бұл кітаптардың электронды нұсқасын салу да жоспар да бар.

Іс-шараға Ұлы Отан соғысының ардагерлері Мүтәліп Ережепбаев, Иван Федорович Макеев және облыстық, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, облыстық тілдерді дамыту, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармаларының басшылары, мәдениет және архив салалының, қалалық қорғаныс істері басқармасының қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдары қатысып, сайт жобасы туралы өздерінің оң көзқарастарын білдірді. Облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы сайт жұмысын одан да жетілдіру мақсатында майдангерлердің естеліктерін беруді, «Ерлік-ТВ» каналын жүргізуді, баспасөз құралдарында жарық көрген журналистердің мақалаларын да осында жинақтауды ұсынды.

Таныстырылымнан кейін Мақұлбек Рысдәулеттің биыл шыққан «Солдат жары» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өткізілді. Рәсімді кітап авторы М.Рысдәулет, қонақ болып келген Ұлы Отан соғысының майдангерлері және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Солтыбаев, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Д.Бықыбаев жүргізіп, бұл кітап келешек ұрпақтың рухани азығы болары анық екенін айтты

 

Соңғы жаңалықтар