Жамбылда латын әліпбиін үйрететін онлайн бағдарлама іске қосылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Облыста Qazalipbi.kz онлайн бағдарламасы арқылы латын әліпбиін үйренуге болады. Бұл туралы ӨКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиынға облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ бірінші проректоры Асқар Абдуалы мен филология және журналистика кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Күлзинат Қарымбаева қатысты.

Спикерлердің айтуынша, Qazalipbi.kz онлайн бағдарламасын облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының тапсырысымен М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-нің жанынан құрылған «Университеттік технологиялық бизнес-инкубатор» корпоративтік қоры әзірлеген. Ол 2018 жылдың 19 ақпанында ҚР Президентінің  Жарлығымен бекітілген латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін жаңа заман талабына сай интернет-технологиялар мүмкіндіктерін пайдалана отырып, жазуды меңгерту, оқылуда көзшалым мен қолдағдысын онлайн-курс, яғни, qazalipbi.kz арқылы  үйрету мақсатында дайындалған. Android операциялық жүйесіне орнатылған қосымша көмегімен әліпбиді оңтайлы әрі жеңіл әдіспен меңгеруге болады. Аталған бағдарлама барлық деңгейдегі білім беру ұйымдарының мамандары мен жалпы көпшілікке арналған.

«Жобаның ерекшелігі - жаңа қазақ тілі әліпбиін үйрену қолжетімді әрі ыңғайлы болуында. «Жаңа қазақ тілі әліпбиін үйретудің онлайн курсы» 18 сабақтан тұрады. Оның ішінде теориялық, практикалық, бағалау сабақтары қамтылған. Теориялық сабақта жаңа қазақ әліпбиі бойынша теориялық білім беріледі. Ал практикалық сабақта берілген теориялық білім негізінде жазылым, оқылым, тыңдалым әркеттері арқылы жаттығу жұмыстары жүргізіледі», - дейді обылстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова.

Спикерлердің сөзінше, бағалау сабағында тыңдаушының әр сабақта меңгерілген білімі тест, бақылау диктанты түрлерінде тексеріледі. Жиынға қатысушылар латын әліпбиіне көшу - әлемдік өркениет жетістіктеріне бағытталған стратегиялық маңызы зор үрдіс және ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе екендігін  атап көрсетті. Сондықтан да, Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының тапсырысымен әзірленген QAZALIPBI.KZонлайн бағдарламасы - бүгінгі күн талабынан туындап отырған, қажеттілікті өтейтін, дер кезінде дайындалған таптырмас еңбек.    

Соңғы жаңалықтар