Жамбылда күрестен Жақсылық Үшкемпіров атындағы халықаралық турнир өтеді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-де өңірден шыққан атақты спорт саңлақтарымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жылы шырайда өткен кездесуде қатысушылар жамбылдық спортшылардың толағай жетістіктерін тілге тиек етіп, өңір спортын одан әрі дамыту бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ болашақ жоспарларын бөлісті.

Бердібек Сапарбаев чемпиондарға қажырлы еңбегімен өңіріміздің атын асқақтатып жүргені үшін алғыс айтты.

Бердібек Сапарбаев спортшыларымен жақсы жаңалықты бөлісіп, «Тараз-Арена» спорт сарайының жанынан бой көтеретін мұз айдыны, жеңіл атлетика манежі, теннис корты құрылысы туралы айтты. Жалпы, биыл облыста 13 спорт нысаны мен 92 алаңша салынады.

«Қазіргі таңда тұрғындардың 30 пайыздан астамы дене шынықтыру және спортпен шұғылданады. Жаңа спорт нысандары бұл көрсеткішті арттыра түсуге ықпал етеді деп ойлаймын»,- деді аймақ басшысы.

Бүгінде облыс әкімінің тапсырмасы бойынша барлық мектептердің спорт залдары ретке келтіріліп, оқушыларға бос уақытта және демалыс күндері спортпен айналысуға жағдай жасалған. Барлық аулалар спорт алаңшаларымен, барлық аудан орталықтары спорт кешендерімен қамтамасыз етілетін болады.

Жастарды спортқа тарту үшін аймақ басшысы ауқымды турнирлер өткізуді ұсынды. Кездесуде биыл Олимпиада чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері, Жамбыл облысының тумасы Жақсылық Үшкемпіров атындағы халықаралық күрес турнирін өткізу идеясы айтылды.

«Осыдан тура 40 жыл бұрын, спорттың тірі аңызы Жақсылық Үшкемпіров Олимпиада ойындарында жеңіске жеткен алғашқы қазақ атанды. Дәстүрлі түрде өтетін турнир осы айтулы датаға арналуы керек», - деді Бердібек Сапарбаев.

Қазақстан спортының жұлдызы аймақ басшысына құрметі үшін алғыс білдірді.

«Жас спортшылар осындай турнирлерге қатысып, үлкен тәжірибе жинақтайды. Олар үшін турнирдегі жеңіс спорттық Олимптің трамплиніне айнала түссін», - деді Жақсылық Үшкемпіров.

Сондай-ақ, ол спортшылар әрқашан мемлекеттің қолдауын сезінетінін айрықша атап өтті. Өз кезегінде бұны Паралимпиада чемпионы Зульфия Габидуллина да растады.

«Ерекше қажеттілігі бар адамдарға сүйікті спорт түрімен шұғылдануға барлық жағдай жасалған. Енді оларды оңалтуға назар аудару керек. Бұл мәселені шешудің бір жолы - спорт-сауықтыру кешенін салу»,-деді ол.

Аймақ басшысы оның ұсынысын қолдап, бұл мәселені міндетті түрде қарастыруға уәде берді.


Соңғы жаңалықтар