Жамбылда көпбалалы отбасыларды қолдауға арналған өңірлік бағдарлама қабылдануы мүмкін

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қосымша қолдау үшін өңірлік бағдарлама қабылдануы мүмкін. Бұл туралы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жамбыл облысында 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмекті 29650 отбасы алатын болады. Ол үшін республикалық бюджеттен 16,7 миллиард теңге қарастырылуда.

«Еліміздегі кедейліктің шегі күнкөрістің ең төмен деңгейі 70 пайызға дейін көтеріліп, 20 мың 800 теңге болып отыр. Осыған орай қайта нақтылауда, өңірдегі аталмыш әлеуметтік көмекті алушылардың саны да арта түскен. Басқарма басшысының айтуынша, жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен төмен 29650 отбасының әлеуметтік картасы түзілген, онда барлығы 150400 адам қамтылмақ. Ал, бұған дейін, бұл көрсеткіш 14849 отбасыны, 74517 адамды құраған»,-деді облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Тимуржан Нұрымбетов.

Асқар Мырзахметов атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылатын отбасылардың тізіміне енбегенімен қаржылай қолдауға зәру өзге де отбасылардың аз еместігін баса айтып, оларға да қажетті көмектер көрсетудің тетіктерін ойластыру керектігіне көңіл бөлді.

«Қазіргі таңда облыста атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар санатына ілінбеген 3064 отбасы қосымша анықталып отыр. Бұл тізім бұдан да көп болуы мүмкін. Олардың жан басына шаққандағы отбасылық табысы кедейлік шегінен аз-кем жоғары болуы мүмкін. Алайда, жағдайлары айтарлықтай жақсы дей алмаймыз. Олар да қолдауға мұқтаж. Міне, осындай отбасыларды қолдауға арналған облыстық бағдарлама дайындауды қарастыратын боламыз. Оған қажетті қаражат облыстық бюджеттен қарастырылып, гранттар немесе тиімді жолмен қайтару қарыздар беру көзделуде. Ол халықтың әлеуметтік осал топтарына тиімді табыс көзін қалыптастыруға мүмкіндік жасау керек»-дейді облыс әкімі.

Айта кетейік, көпбалалы, аз қамтылған және әлеуметтік осал топтағы отбасыларға жағдай жасау - күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі десек, бүгін облыстық қоғамдық кеңес жанынан бұл бағытта арнайы комиссия құрылып, жұмыс жоспары бекітілді.

Соңғы жаңалықтар