Жамбылда қазақ пен қырғызға ортақ өзендер бойында 3 су қоймасы салынады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы аумағында трансшекаралық өзендер бойында су қоймасын салу мәселесі Үкіметтің ерекше бақылауында. Бұл жайында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жамбыл облысы аумағында трансшекаралық өзендер бойында су қоймаларын салу қажеттігі («Ақмола», «Қалғұты», «Ырғайты») - суды үнемді пайдалану есебінен өнімділікті арттыру жөніндегі стратегиялық міндетті іске асырудағы 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы іс-шараларының бірі. Жоба бойынша 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау аясында жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 243,4 млн теңге сомасына тиісті бюджеттік өтінім қаралып жатыр» деп атап өтеді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, жоғарыда көрсетілген жобаларды іске асыру өңірдегі ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға және тұтастай алғанда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғанын ескере отырып, мәлімделген шығыстар бюджет заңнамасының талаптарына сәйкес басым тәртіппен қаралады.

«Жалпы Жамбыл облысы аумағында трансшекаралық өзендер бойында су қоймасын салу мәселесі Үкіметтің ерекше бақылауында»,- деді Әлихан Смайылов.


Соңғы жаңалықтар