Жамбылда канадалық компания каннабис майын өндірмек

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында канадалық «CANNAMEDICA» компаниясы сан сырқатқа ем болатын каннабис майын шығаруға ниетті,-деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен кеңесте айтылды. Аталмыш басқосуда канадалық компания өкілдері Жамбыл облысында каннабис майын өндіретін жобаны жүзеге асыруға ниетті екендіктерін жеткізді. Бұл май медициналық бағытта обыр, буын, өкпе, көз, эпилепция секілді көптеген ауруларға таптырмас емдік қасиетке ие.

Компанияның бақылау кеңесінің мүшесі Абуладзе Константин мырзаның айтуынша, зауыт қалдықсыз технология жүйесіне негізделмек. Негізгі өнімнен қалған қалдықтан қағаз, мата, биоотын шығару көзделуде. Ал, өнім Европа, Канада, Қытайға экспортталмақ. Алғашқы кезеңде 500 тонна, екінші кезеңде 1000 тонна, уақыт өте 5000 тоннаға дейін қара сораны игеруге күш салмақ. Компания өкілдері егер келісім болса зауыт құрылысын алдағы үш жылда толығымен аяқтап, жұмысты бастауға болатынын айтты.

Асқар Мырзахметов жобаны қолдауға дайын екенін, алайда зауыт негізінен есірткісіз өнім өндіруге бағытталуы тиістігін баса айтты. Ол үшін алдымен халықаралық ұйымдардың арнайы рұқсатын алу - жұмысты жүйелей түсуге мүмкіндік бермек. Осыны ескерген өңір басшысы компания өкілдерінен өнім өндіру технологиясын, өнім құрамы туралы толық түсінік беруді талап етті. Сондай-ақ, жұмыстар аяқсыз қалып немесе нәтижесіз болмау үшін арнайы екіжақты меморандум жасасуды ұсынды. Ол меморандумда тараптардың міндеттері мен талаптары нақты белгіленбек.

Айта кетейік, облыс әкімі жоба жүзеге асқан жағдайда негізгі жұмыс күшін жергілікті тұрғындардан тарту керектігіне де жіті көңіл бөлді. Ұсынысқа қарай қажетті мамандарды дайындауға жергілікті билік барынша атсалысатынын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар