Жамбылда иісшіл иттердің көмегімен есірткіге қатысты 140-қа жуық қылмыс анықталған

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында биыл жыл басынан бері есірткіге қатысты 721 қылмыстық дерек тіркеліп, заңсыз айналымнан екі жарым тоннадан астам әртүрлі есірткі заттары тәркіленіп, жоюға жіберілген. Бұл орайда өңірдегі кинологтардың үлесі де аз емес, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жалпы ағымдағы жылдың он айында аймақта заңсыз айналымнан 2 тонна 708 келі есірткі заты тәркіленген десек, бұл көрсеткіш өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 70 пайызға көп. Негізі еліміз бойынша Жамбыл өңірінде есірткі қылмысы ерекше жиі тіркеледі. Бұл мәселе ұзақ жылдардан бері шешімін таппай келеді. Тәртіп сақшылары қанша жерден қылмыскерлердің жолын кесіп, кешенді шараларды қолға алғанымен есірткі сатып, жеңіл жолмен пайда тапқысы келетіндер азаймай тұр.

Айта кетейік, есірткі тасымалдаушылар өз заңсыз әрекеттерін жауып, жасыру үшін түрлі қулыққа баратыны сөзсіз. Бұл тұрғыда мамандарға қызметтік иттердің айтарлықтай көмегі тиюде екен.

«Заңды бұзған қылмыскер неге болса да барады. Сондықтан кәсіби дайындалған иісшіл иттердің көмегіне аз жүгінбейміз. Облыста соңғы 10 айда қызметтік иттердің көмегімен тек есірткіге қатысты 140-қа жуық қылмыс анықталған. Кинологтар иттерді тінту, ізге түсу, күзетуге бейімдеп, әмбебап етіп баптауға тырысады», - дейді облыстық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Асхат Алметов.

Өңірдегі кинологтардың бірі Бауыржан Ізбасаров бұл салаға 5 жыл бұрын келгенін айтады. Оның сенімді серігі – Бава атты белгиялық овчарка иті. Оны ол 8 айлық күшік кезінен күтіп, баптаған. Биылдың өзінде жас маман 20-дан астам арнайы жедел шараларға қатысып, иісшіл иттің көмегімен ондаған қылмыскерлерді ұстапты.

«Бұл есірткі бизнесіне қарсы күрес жүргізуде ең нәтижелі, әрі тиімді әдіс түрлерінің бірі. Мысалы осы жақында болған нәрсе. Жуалы ауданында бір көлікті тоқтатып, ішінен қосымша дөңгелекке жасырылған марихуана заты табылды. Екі жарым келідей. Мысалы сол көзге көрінбейді. Ал иттің көмегімен дәл таптық»,- дейді Б.Ізбасаров.

Соңғы жаңалықтар