Жамбылда бюджеттің 706 млн теңгесін жымқырған кәсіпкер сотталды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмысын жақсарту - мемлекеттік реттеудің маңызды аспектілерінің бірі, сондықтан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұл мәселеге ерекше көңіл бөліп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің мәліметінше, таяуда жамбылдық «Өркен» ЖШС директоры алты жылға сотталған. У. Мүсірәлиев жалпы сомасы 706 млн теңге болатын бюджет қаржысын жымқырған. Сонымен бірге, ол құрылыс саласында жұмыс істеу құқығынан үш жылға айырылды.

«Қолды болған қаражат «Тараз химиялық паркі» еркін экономикалық аймағы басқарушы компаниясы» аумағында магистральды су таратқыш салуға арналған еді. Ондағы мемлекеттің үлесі - 100 пайыз болатын. Компания директоры бюджет ақшасын жымқыру үшін мемлекеттік сатып алу келісімі бойынша атқарылған жұмыстың актілеріне өтірік қол қойып отырған. Ал, халықты сапалы ауыз сумен қамту - қазақстандықтардың әл-ауқатын көтеру жолындағы аса маңызды әлеуметтік бағыттардың бірі», - деп атап өтті коррупцияға қарсы ведомстводан.

Департамент мәліметінше, мемлекетке келген шығын толық өтелген.

Еске сала кетейік, 2014 жылдан бері Жамбыл облысында «Тараз» химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағын құру жобасы іске асырылуда. Осыған орай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өнеркәсіптің мүмкіндігін толық пайдаланып, индустрияландыру жобаларын іске асыруда заманауи технологиялық өндіріске баса мән беру керектігін айтқан еді.

«Өңдеу өнеркәсібіне, әсіресе, химия кластеріне ірі инвесторларды тарту қажет. Үкімет пен әкімдікке осы мәселені нақтылауды тапсырамын. Бұл - экономиканың орнықты дамуына ықпал етеді, еңбек өнімділігін арттырады. Өңірдегі өндірістің даму көзі «Тараз» химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы болуы қажет», - деді Қазақстан Президенті Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында.

Соңғы жаңалықтар