Жамбылда бюджеттік нысандары жылыту маусымына 100 пайыз дайын

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы алдағы жылу беру маусымына дайын. Газ, электр энергиясын жеткізуде іркіліс болмайды.

Бұл туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Құдайберген Қорғанбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, өңірдегі жылумен жабдықтау нысандарының қысқа дайындығы 99,8 пайызды құрайды. Оның ішінде 437 қазандық жүз пайызға дайын екен.

«Барлығы 340 км болатын жылумен жабдықтау желілерінің 338,5 км-і немесе 99,6 пайыз дайындалды. 969,2 км су құбыры желілерінің 21,1 км-і жөндеу жоспарланған, ол толығымен орындалды. Бюджеттік саланың 1 670 нысаны жүз пайызға дайын. Ал, облыстағы 1 593 көппәтерлі тұрғын үйдің қысқы маусымға 1 579 немесе 99,1 пайызға дайын»,- дейді ол.

Сондай-ақ, Құдайберген Қорғанбаев аймақ тұрғындарын отынмен қамтамасыз ету жұмыстары туралы айтып берді.

«Бюджеттік сала нысандарына қыста 66,4 мың тонна көмір сатып алу жоспарланған. Халыққа 254,6 мың тонна көмір қажет болса, бүгінде оның тек 58 пайызы ғана жеткізілді. Бүгінгі таңда қолданыстағы газ бен мазуттың бағасы бойынша Қаратау және Жаңатас қалалары бойынша жалпы қажеттілік 1,1 млрд теңгені құрайды. Тиісті қаражаттар қарастырылуда»-дейді спикер.

Айта кету керек, «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында қаланың аумағында биыл М-2 және М-4 жылу магистральдары қайта жаңғыртылуда.

Жұмыстар Сыпатай батыр, Көшеней, Қойгелді, Ниетқалиев, Қазыбек би, Аққозиев, Аққошқар Әулие, М.-Х. Дулати, Комратов, Қонаев және Абай, Жамбыл, Төле би даңғылдарында өтеді.

Өткен жылы 1,7 миллиард теңге бөлініп, 6,2 шақырым жылу магистралі қайта жөнделсе, осы жылы жұмыс көлемі айтарлықтай артып, 7,6 миллиард теңге бөлінген болатын. Бұл келесі жылдан бастап қала тұрғындарына ыстық суды жаз айларында үздіксіз беруге мүмкіндік жасамақ.

Соңғы жаңалықтар