Жамбылда былтыр сыбайлас жемқорлық бойынша 110 қылмыстық іс сотқа жолданған

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында өткен жылы сыбайлас жемқорлық бойынша 110 қылмыстық іс сотқа жолданып, 70-тен аса тұлға жауапкершілікке тартылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облыс бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев «ANTIKOR» сервистік орталығында жыл қорытындысына арналған брифинг өткізді. Есепті жиында Әділхан Хасымханұлы осы таңға дейін атқарылған жұмыстарды баян етіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

«Өткен жылы облыс бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі тарапынан 110 қылмыс анықталды. Бұрнағы жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда бұл жемқорлық фактілерінің 12,7 пайызға төмендегенін көрсетіп отыр. Нақтырақ айтсақ, сыбайлас жемқорлық қылмыстары 19,4, ауыр санаттағы қылмыстар 3,9 пайызға азайған. Есепті кезеңде департамент мамандары жемқорлық дерек­терінің жүйелі түрі бойынша – 7, мемлекеттік бағдарламалар аясында бөлінген қаражаттарды ұрлау – 14, бизнес субъектілерінің жұмысына заңсыз араласудың 9 дерегін анықтап, 77 кәсіпкердің құқығын қорғады. Облыс деңгейіндегі 7 басшыға және қала мен аудан шеңберіндегі 7 басшыға қатысты қылмыстық істі тіркеді»,-деді департамент басшысы.

Тіркелген қылмыстық істер бойынша 771 миллион теңге көлеміндегі залал анықталып, оның 654 миллион теңгесі өндірілді. Қылмыстарды тергеу барысында 153 миллион теңгенің мүлкіне шектеу қойылған.
Сондай-ақ, былтыр сотқа жолданған 110 іс бойынша 72 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұл 2019 жылға қарағанда көрсеткіштердің төмендегенін көрсетеді.

Бұдан бөлек былтыр қылмыстық құқықбұзушылықтар және басқа да заңбұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою бойынша 97 ұсыныс жолданып, оның 87-сі қаралып, нәтижесінде 78 лауазымды тұлға әртүрлі деңгейдегі тәртіптік жаза арқалаған.

Өз кезегінде сөз алған департамент басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев профилактикалық бағытта жүргізіліп жатқан өзге де шаралар туралы баян етті.

«Өткен жылы 17 сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізіліп, оның қорытындысымен 28 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталды. Мониторинг нәтижесімен 11 нормативтік құқықтық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, ұйымдастырушылық-басқарушылық шаралары қабылданды. Оның ішінде Тараз қаласында тұрғын үй қорынан тұрғынжайды мұқтаж азаматтарға беру бойынша заңсыз қабылданған қаулының күші жойылып, былтыр пәтерлер мен жатақханалардың 2006-2007 жылдардан бері кезегінде тұрған мұқтаж азаматтарға берілді»,-деді Р.Төлебаев.

Сонымен қатар, департамент басшысының орынбасары «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық офисімен бірлесе жасаған жұмыстарды да тілге тиек етті.


Соңғы жаңалықтар