Жамбылда бүгін коронавирустан жазылған 13 адамның төртеуі – студент

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – 21 сәуір күні Жамбыл облысында тағы 13 адам коронавирус инфекциясынан емделіп шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

КВИ анықталған науқастарды емдеу басталғалы бері бұл - алғашқы жаппай шығару болып отыр. Олардың қатарында еліміздің әр аймақтарынан келген емделушілер бар. Атап айтсақ, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары, Нұр-Сұлтан, Шымкент және Қостанай қалалары, сондай-ақ Жамбыл облысы Қордай ауданының тұрғындары.

Ем алғандардың төртеуі – Шымкент қаласының тұрғындары десек, оның екеуі - 1996 және 1999 жылы туған студенттер. Олар алты жолаушысынан коронавирус анықталған Дели-Тараз рейсінде болған. Ал, 1975 және 1980 жылы туған қалған екеуі Қырғыз Республикасынан үлкен жүк көлігін айдап келген жүргізушілер. Шекарада олардан аталған инфекцияға алынған талдау қорытындысы оң нәтиже көрсеткен.

Сондай-ақ, Түркістан облысының 1986 жылы туған және Нұр-Сұлтан қаласының 1994 жылы туған тұрғындарынікі де осыған ұқсас жағдай. Олар көрші республикадан үлкен жүк көлігімен келген кезде шекарада талдау алынып, COVID-19 бар екендігі расталған.

1999 жылы туған ЖОО студенті - Қордай ауданына келген Қостанай қаласының тұрғыны.

Дели-Тараз рейсімен жеткізілген 2000 жылы туған тағы бір студент Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны болса, ал 1954 жылы туған ем алушы - елордалық.

Қалған төрт адам - 28-45 жас аралығындағы Қордай ауданының тұрғындары. Олардың арасында екі үлкен жүк көлігінің жүргізушісі, ауыр отадан кейінгі емделуші және науқаспен жақын байланыста болған тұлғалар бар.

Барлық 13 тұлға екі апта бойы инфекциялық стационарда болып, емдеу шараларын ойдағыдай өткізген. Алгоритмге сәйкес, олардан КВИ-ға екі рет қайталама зертханалық талдау алынып, дерттен айыққаны расталды.

Барлық емделіп шыққандар үшін арнайы тасымал ұйымдастырылып, тұрғылықты жеріне жеткізілді. Шалғай қалаларда тұратын емделушілерге арнайы автокөлік қарастырылды.

Алдағы екі апта бойы олар үй карантинінде дәрігерлердің бақылауында болады.

Бүгінгі таңда инфекциялық стационарда 37 науқас ем алуда, жағдайлары тұрақты.

Жалпы, аймақта осымен коронавирустан 24 адам сауығып шықты.



Соңғы жаңалықтар