Жамбылда балық өсірушілерге 12 млн теңгеге дейін несие берілуі мүмкін

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов балық шаруашылығын дамытуға үлес қосамын деген азаматтарға 6 пайызбен 12 миллион теңгеге дейін несие беру жайы қарастырылатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл бастама жеке кәсіпкерлердің де көңілінен шықты.

Басқосу барысында облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов  өңірдегі 115 ірі су айдынына тескеру жүргізілгенін жеткізді. Соның нәтижесінде 103 су айдыны болашағы бар әрі балық өсіруге қолайлы деп қорытынды шығарылған.

Айта кетейік, жиынға 20-дан астам көл пайдаланушылар қатысты. Олар Асқар Исабекұлына өздерінің жұмыс барысы, иеліктеріндегі су айдындарының хал-ахуалы жайлы айтып берді. Өңір басшысы алдағы уақытта  олармен  жаңа тәртіп бойынша, келісім-шарт негізінде жұмыс жүргізілетінін жеткізді. Осылайша су айдындарына түрлі жолдармен иелік етіп келген, бірақ бүгінде балық өсірумен айналыспайтын азаматтарды анықтап, ретке келтіру шаралары қолға алынбақ. Бұл орайда өзен-көлдердегі жағдайды, онда жіберілетін балықтардың тұқымына дейін аталмыш басқарма бақылап отырады.

Жамбыл облысында жыл сайын шамамен 3880 тонна балық тұтынылатын болса, соның 2465 тоннасы басқа облыстардан импортталады.  Асқар Исабекұлы осы жайтқа баса назар аударып, күн тәртібіндегі және жиында көтерілген мәселелер бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.

Еске сала кетсек, Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке бизнесті өркендетудің тұрақты көздерін қалыптастырып, жеке инвестицияны ынталандыру және нарық еркіндігін қолдау туралы тапсырма берген болатын. Мемлекет басшысы осы арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, халықтың басым бөлігін табыс көзімен қамтамасыз етуге болатынын атап көрсетті. Осы орайда ел экономикасы мен адамдардың тұрмыс сапасын арттырып, бизнестің тұрақты көзі саналатын саланың бірі - балық шаруашылығы екені де даусыз.


Автор: Ғибрат Сембай 

Соңғы жаңалықтар