Жамбылда балаларға қарсы жасалатын қылмыс деңгейі 65% өскен

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Таразда жасөсіпрімдер құқығын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі жөнінде форум өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Форумға қатысушылар жасөспірімдер арасындағы және оларға қарсы жасалатын қылмыстардың алдын алу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұрмысы нашар отбасылармен, қиын балалармен жеке жұмыс жүргізу мәселелерін талқылады.

Облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек өз баяндамасында ағымдағы жылдың бес айының қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс көрсеткіші өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тоғыз пайызға төмендегенін атап өтті.

Дегенмен, кәмелетке толмағандарға қарсы жасалатын қылмыс деңгейі 65,1 пайызға өскен.

«Кәмелетке толмағандарды тонау, оларға қарсы бұзақылық, сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық және 16 жасқа толмаған тұлғамен жыныстық қатынасқа түсу фактілері кездесіп отыр. Балалар құқығын қорғау бойынша шұғыл және тиімді шаралар қабылдау қажет», - деді ол.

Облыста жетім балаларға арналған бес мекеме жұмыс істейді.

Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік қолдауға бағытталған «Мейірім» жобасы аясында 88 демеуші 133 тәрбиеленушінің тәлімгері атанды.

Олардың шотына қазірдің өзінде 14 миллион теңгеден астам қаржы жиналған.

Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелеріне де көңіл бөлінді.

Сондай-ақ, форумда кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия хатшыларының мәртебесін арттыру, ювеналды инспекторлардың матералдық-техникалық жағдайын жақсарту, қолайсыз және аз қамтылған отбасылардағы балаларды тегін негізде бос уақытын мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандар мен «қолайсыз» отбасылардың медициналық-әлеуметтік есебін жүргізу бойынша арнайы деректер базасын құру ұсынылды.

Прокуратура өкілдері учаскелік полиция инспекторлары жұмысының тиімділігін арттыру, оқу орындарымен өзара іс-қимылды күшейту бойынша жұмыс жүргізуді ұсынды.

Айта кету керек, қазір білім беру мекемелеріне ювеналды полицияның 202 қызметкері бекітілген. Облыстық прокуратураның бастамасымен кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша 91 мобильді топ құрылған.

Шара барысында қатысушылармен облыс прокуратурасының бастамасымен әзірленген «Тараз - Қауіпсіз қала» жобасының жүзеге асырылу барысы да талқыланды.

«Мемлекет саясаты балаларымыздың ештеңеге мұқтаж болмауын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі айтып келеді. Бекітілген кешенді жоспарға сәйкес балалар құқығын қорғаудың Жол картасы аясында нақты шаралар жүзеге асуда. Бұл бағытта жұмыстар ойдағыдай орындалуда», - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімі ата-аналар комитеттерінің жұмысын күшейтуді, мектеп басшыларының жауапкершілігін арттыруды, әлеуметтік сала ведомстволаының іс-әрекетін үйлестіруді, отбасылық тәрбиеге айрықша көңіл бөлуді тапсырды.



Соңғы жаңалықтар