Жамбылда ауылдық округтерде 146 ақпараттық орталық ашылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында өткен жылдан бері аймақ басшысының тапсырмасына орай облыс кітапханалары жанынан 146 цифрландырылған ақпараттық орталық ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының есепті жиынында жан-жақты айтылды. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовке аталмыш басқарма басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев саладағы жұмыстар мен өзекті мәселелер туралы баяндады.

Оның айтуынша, цифрландырылған ақпараттық орталықтың 21-і коворкинг орталығы. Бүгінде ол орталықтар арқылы ауыл тұрғындары cao-zhambyl.kz/ сайты және egov.kz порталындағы қызмет түрлері арқылы қажетті ақпараттарын алып отыр.

«Биылғы жылдың тоғыз айында 76 цифрландырылған ақпараттық орталық ашылып, жоспар артығымен орындалса, жыл соңына дейін тағы 25 округте осындай ақпараттық орталықтар пайдалануға берілмек. Айта кетейік, есепті мерзімде аталған орталықтармен ауылдықтарға 13329 анықтама беріліп, сайт арқылы 4 826-нан аса сұраныс қанағаттандырылды», - деді Дүйсенәлі Бықыбаев.

Басқарма басшысы елді мекендерді мәдениет нысандарымен қамту және олардың халыққа қызмет көрсету деңгейін арттыру картасына сәйкес 2019-2021 жылдары 26 елді мекенде ауылдық клуб ғимараттарын салу жоспарланып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында Жамбыл облыстық мемлекеттік архивіне «Электрондық архив» ақпараттық жүйесі бағдарламасына жергілікті бюджеттен 15 миллион теңге бөлінген.

Жиында кітапханалар, театр мен музейлердің жұмыстарын жандандыру мәселелері көтеріліп, көрсеткіштер негізге алынды.

Асқар Мырзахметов өңірдегі кітапханалар жұмысын оңтайландыруды, өнер ұжымдарының ауылдық мекендерге гастрольдік сапарларын жүйелі түрде ұйымдастыруды, театр қойылымдарын әлеуметтік желілер арқылы тарата отырып, көрерменнің қызығушылығын арттыруды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар