Жамбылда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 110 жоба жүзеге асуда

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте «Ауыл - Ел бесігі», «Дипломмен - ауылға», «Еңбек» бағдарламаларының орындалу барысы қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аппараттық кеңес әдеттегідей және облыс әкімдігінің ресми сайтында және «YouTube» арнасында онлайн режимінде таратылды. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова хабарлағандай, 2019 жылы Байзақ, Жамбыл, Шу аудандарында «Ауыл - Ел бесігі» аясында 108 жоба іске асырылған. «Үш ауданда 24 әлеуметтік нысан, 55 көше, екі су құбыры жөндеуден өтті, 23 көше жарықтандырылды, төрт әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілді», - деді Г.Жауынбекова.

Ағымдағы жылы 29 елді мекенде жалпы сомасы 7,4 млрд.теңгеге 110 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Ауылдарда 15 әлеуметтік нысан салынып, 11 білім беру және спорт мекемелері, 84 көше жөндеуден өтуде. 54 тұрақты және 1110 уақытша жұмыс орындары

құрылды. «Ауыл - Ел бесігі» бағдарламасы бойынша бөлінген қаражат Байзақ және Меркі аудандарында толық игерілмеген.


«Ақша бірнеше ай бұрын бөлінсе де әлі толық игерілмеген. Оң нәтижеге қалай қол жеткізесіздер? «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыру Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес басталған болатын. Негізгі мақсат – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдық жерлердің инфрақұрылымын жаңғырту.

Бағдарламаның жемісті жүзеге асуы аудан әкімдерінің өз міндеттеріне деген жауапкершілікпен қарауына байланысты», - деп атап өтті ол.

Ол тиісті қаржыны дұрыс бөлуді және бақылауды тапсырды.

«Бір ауылда алты миллионнан астам теңгеге көше жөнделсе, ал көрші ауылда дәл сондай көшені жөндеуге он миллион теңге бөлінген.

Кейде бұл көшелер алтыннан жасалып жатыр ма деп ойлайсың? Шу ауданының Бірлік ауылында ұзындығы 4,7 шақырым болатын бір көшеге 100 миллион теңге, Алға ауылында ұзындығы 3,7 шақырым болатын көшеге 80 миллион теңге жұмсалған. Неге мұны ешкім қадағаламайды?

Спорт нысандары да бір жерде қымбат, бір жерде арзанға салынуда.

Ауылдарда қандай әлеуметтік нысандар жетіспейтінін зерделеу керек, бәрін сала берудің қажеті жоқ. Мәселен, бір ауданның ауылында үш үлкен спорт кешені бар, ал басқа ауылда бірде-бір Мәдениет үйі жоқ. Тұрғындардың саны да ескерілуі керек. Жуалы ауданының Нұрлыкент ауылында төрт мыңға жуық тұрғынның тұратынына қарамастан 90 адамға арналған мәдени нысан салмақ болған. Бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланудың мұндай

мысалдарына жол берілмеуі тиіс», - деді Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ, аймақ басшысы жобаларды жүзеге асыруға бюджеттен тыс қаражат тартуды тапсырды.

Жиында «Дипломмен – ауылға!», «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламалары аясында атқарылып жатқан жұмыстар барысы да назарға алынды.

Аймақ басшысы көрсеткіші төмен аудан, қала басшыларының жауабын тыңдап, көрсеткіштерді жыл соңына дейін жақсарту жөнінде тапсырмалар жүктеді.

«Үш мемлекеттік бағдарлама да өзінің маңыздылығын көрсетіп отыр. Бірқатар аудан әкімдерінің атына ескертулер айтылды. Сіздер қалай жұмыс істеу керектігін білесіздер. Жыл қорытындысы бойынша барлық нысаналы индикаторлар орындалуы тиіс», - деді облыс әкімі.


Соңғы жаңалықтар