Жамбылда 81 елді мекенге табиғи газ тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында алдағы 7 жылда 200-ге жуық елдімекен табиғи газбен қамтылады. Қазіргі таңда 81 елді мекенге көгілдір отын тарту жұмыстары қолға алынған,- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде өңірде тұрғындарды табиғи газбен қамту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайы ерекше назарға алынған. Қазіргі кезде облыстағы елді мекендердің 49 пайызы немесе 185-і газдандырылған.

2027 жылға дейін осы орайда 196 елді мекенді кезең-кезеңімен газдандыру жұмыстары жоспарлануда екен. Бұл орайда да елді мекенге тартылған газ жүйесі бола тұрып, қосылу құнының қымбаттығына байланысты көгілдір отынға қолы жетпей отырған 31 мың халық анықталған.

Облыс басшысының бастамасымен «Газ және газбен жабдықтау» заңына өзгеріс енгізіліп, газ сараптаушысын орнату міндеттелгеннен кейін қосылу бағасы 2-3 есе төмендетіліп, аталған 30 мыңнан аса халық көгілдір отынған қол жеткізуге мүмкіндік алған.

Сонымен қатар, Тараз қаласы маңындағы 35 саяжай-алқаптардың 20-сын биыл табиғи газбен қамту шаралары атқарылуда. Қалғаны келесі жылдың жоспарына бекітілген. Ол ғана емес, газдандыру бойынша республика көлемінде Жамбыл облысына бөлінген қаржының көлемі өзгелерден көш ілгері деуге болады.

Атап айтсақ, 2019-2021 жылдары облыстағы 81 елдімекенді газбен қамтуға республикалық бюджеттен тиісті қаржы қарастарылған.

«Облыстағы 377 елді мекеннің 49 пайызы газдандырылған. Үстіміздегі жылы қосымша 5 ауданда 81 елді мекенді (101 мың адам) газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына 11 елді мекенде жұмыстар аяқталады. Жалпы, осы елді мекендерді газдандыру 3 жылға жоспарланып отыр. Нәтижесінде, газдандыру 49 пайыздан 70 пайызға жететін болады»,- дейді облыс әкімідігінің энергетика және тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров.

Соңғы жаңалықтар