Жамбылда 76 пəтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы Аса ауылында 76 пəтерлі көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді,- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында бой көтерген тұрғын үйдің құрылысын «Бином» ЖШС бір жылда аяқтаған. Жоба құны 599 миллион теңге.

Бес қабатты тұрғын үйде 36 бір бөлмелі, 16 екі бөлмелі, 24 үш бөлмелі пəтерлер бар. Пәтер кілтіне ие болғандардың дені жетім бала, көпбалалы ана, мүмкіндігі шектеулі азаматтар.

Облыс əкімі Бердібек Сапарбаев аудан тұрғындарын қоныс тойымен құттықтады.

«Жамбыл ауданында пəтер кезегінде 1019 адам тұр. Сол кезекті азайту мақсатында Аса ауылында тағы төрт көпқабатты тұрғын үй салынып, 320 адамды пəтермен қамтуды ойлап отырмыз. Бұдан бөлек, 7 елдімекенде екі мыңға жуық жер телімін беру жоспарланып отыр. Аса ауылындағы 811 жер теліміне инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, облыста «Асарлатып үй салу» жобасы биыл да жалғасын табатын болады. Оны біз демеушілердің күшімен жүзеге асырудамыз, - деді аймақ басшысы.

Өз кезегінде жаңа қоныс иесі, жеті баланың анасы Айнұр Бегалиева өз қуанышын жасыра алмды. Ол тоғыз жылдан бері үй кезегіне тұрып келіпті. «Əсіресе балаларым қатты қуанып жүр. Бұған дейін пəтер жалдап келсек енді өз үйіміздің болғанына сене алар емеспіз. Қуанышымызда шек жоқ»,-дейді ол.


Соңғы жаңалықтар