Жамбылда 70 көпқабатты үй салынып жатыр

None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында 70 көпқабатты үй соғылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Асарлатып үй салу» жобасы бойынша жамбылдықтар 2020 жылдан бері көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арнап 338 үй салды. Ал, биыл 106 мұқтаж отбасын үймен қамту жоспарланған.

Жалпы, кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында былтыр 4208 пәтерлі 68 көпқабатты үйдің құрылысы қолға алынып, оның 2260 пәтерлі 34 үйі пайдалануға берілді.

«Биыл «Қуатты аймақтар – ел дамуының драйвері» жобасы аясында облыста жалпы сомасы 11,6 миллиард теңгеге 3689 пәтерлік 70 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Жыл соңына дейін 2564 пәтерлік 45 үйді пайдалануға беру жоспарда бар. Бұдан бөлек, жеке инвестиция есебінен 435 пәтерлік 10 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы да басталды.

Осы орайда, аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамтып қана қоймай, олардың тұрақты табысының бар болуына да баса назар аударуымыз керек, – деді тұрғын үй құрылысына қатысты мәселелер қаралған кеңесте Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов.

Жалпы, биыл облыста 71 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруға 8,4 миллиард теңге бөлінген. Жоба жүзеге асқанда, кезекте тұрған азаматтар жаңа аумақтардан 869 жер телімін алатын болады.

Бұған дейін біз Тараз қаласы екі аумаққа бөлінеді деп жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар