Жамбылда 649 азық-түліктің талапқа сай еместігі анықталды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында 649 азық-түлік өнімдері талапқа сай емес, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде Жамбыл облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Берік Жарқынбеков айтты.

«Ағымдағы жылдың тоғыз айында өнім сатып алу жоспарына сәйкес жалпы сомасы 8 миллион 780 мың теңгеге 168 сауда және қоғамдық тамақтандыру объектілерінде бақылау жүргізілді. 4367 азық-түлік өнімдері мен халық тұтынатын тауарлар іріктелсе, оның ішінде 649 сынама Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес келмейтіні анықталған. Сондай-ақ, департамент пен оның аумақтық басқармалары 2867 тексеру жүргізді. Оның ішінде 1855-і ерекше тәртіп бойынша және 1012 жоспардан тыс орын алған»,-деді Берік Жарқынбеков.

Тексеру барысында анықталған бұзушылықтар үшін 67 миллион 534 мың теңге көлемінде 1461 әкімшілік айыппұл салынса, оның 1447-сі бойынша 65 миллион 451 мың теңгесі өндіріп алынған. Заңнаманы бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдардың орындалмауы бойынша 39 хаттама, сондай-ақ объектілердің қызметін тоқтата тұруға 42 құжаттар жасалып, сот органдарына қарауға жіберіліпті. Нәтижесінде 310 адам жұмыстан шеттетілген.

Соңғы жаңалықтар