Жамбылда 63 мыңға жуық оқушылар мен студенттер туристік экскурсияға шыққан

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының барлық бағыты аясында ауқымды жұмыстар қолға алынған. Соның бірі - білім беру жүйесін жаңаша жетілдіру бағытында. Осыған орай облыста ілкімді іс-шаралар атқарылып келеді. Бұл туралы облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Облыс әкімдігінің 2018 жылғы 30 наурыздағы хаттамалық тапсырмасына сәйкес балалар мен жасөспірімдер арасында «Өз жерінді танып, біл» атты жоба жүзеге асырылып, мектеп оқушылары үшін өздерінің ауылына, көрші аудандарға және Тараз қаласына туристік экскурсиялар ұйымдастырылып, онлайн сабақтар, интерактивті жарыстар өтуде. Өткен жылы туристік экскурсиялармен 63 мыңға жуық мектеп оқушылары мен колледж студенттері қамтылды. Олардың ішінде 11 300-ден аса бала ауданнан ауданға туристік саяхат жасап, аудан ішіндегі киелі нысандарын-36800 бала аралаған. Ал республиканың өзге өңірлеріне - 14500 бала саяхаттап қайтты. Ағымдағы жылдың басынан 2500-ге жуық бала өңірдің киелі жерлерінде туристік саяхатта болды»,-деді Талғат Жамалов.

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша облыстың мектептері мен колледждерінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бірнеше бірегей жобалар іске асырылуда. Атап айтсақ, «BestvidеoТуғанӨлке»,«Виртуалды мектеп мұражайы», «BILIM анимация», «Оқы, тап!» облыстық онлайн байқауы, «BILIM FM мектеп радиосы. Аталған жобалар туған өлкенің тарихи, мәдени құндылықтарын ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы оқу-тәрбие үрдісіне енгізуге бағытталған.

«Бағдарламалар аясында барлық оқу орындарында, балабақшаларда ұлттық құндылықтар мен ұрпақ тәрбиесіне айрықша басымдық берілуде. Жасөспірімдердің рухани жаңғыруына бағытталған жұмыстар биыл да өз жалғасын табатын болады»,-дейді ол.

Сондай-ақ, бағдарлама аясында өткен «Ауылым - алтын бесігім» атты балалар әлеуметтік жобаларының республикалық байқауынан І-орын алған Меркі ауданындағы №39 мектеп-гиназиясының 8-сынып оқушысы Жұлдызай Темірболат Ресей Федерациясының Владивосток қаласындағы «Океан» балалар орталығында демалу жолдамасын иеленген.

Сонымен қатар, «Qazaq epos» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен 6-10 оқушылар арасында республикада батырлар жырын жатқа айтудан «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының облыстық іріктеуіне облыс бойынша 388 мектептен 3827 оқушы және 1909 мұғалім қатыспақ.

Соңғы жаңалықтар