Жамбылда 6,8 мың отбасыға АӘК төлеуде кемшілік орын алған

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алған отбасылар анықталуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алайда, бүгінде тапқан табысын жасырып, әлеуметтік көмекті алып қалғысы келетін, әйтеуір мемлекеттің қаражатын пайдаланып қалғысы келетіндер көбейді. Бұл орайда, облыста 8 073 отбасы немесе 34 803 адамның табысты екені анықталып, оларға ешқандай атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмаған.

Өңірде өтініш беру кезінде табыстарын жасырған және жалған ақпарат берген отбасылар анықталды. Мәселен, басқарманың мәліметінше, Гүлнұр Сауқанова – Қордай ауданындағы Бетқайнар ауылының тұрғыны. Атаулы әлеуметтік көмек алуға 2019 жылдың 25 мамырында өтініш берген. Отбасы құрамында күйеуі, енесі, келіні, ағасы, жеңгесі және 4 бала, барлығы 10 адам бар. Өтініш беру кезінде жан басына шаққандағы табысы өз-өзін жұмыспен қамтушылар есебінен 17 мың теңгені құрап, оларға 1 474 632 теңге тағайындалған. Яғни айына 122 886 теңге. Алайда, жүйеге тіркеу кезінде өтініш беруші мен оның ағасы бірінші тоқсанда «INDUSTRIAL CJN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жұмыс істегенін жасырған.

Бүгінде зерделеу жұмыстарының нәтижесінде жүйеден қайта сұрату кезінде Гүлнұр Сауқановаға 253 250 теңге және ағасы Орақ Сауқановқа қаңтар, ақпан және наурыз айларына 477 324 теңге еңбекақы аударылғаны анықталды. Нәтижесінде олардың жан басына шаққандағы табыстары 41 352 теңге болатыны белгілі.

Бүгінгі таңда оларға атаулы әлеуметтік көмек тоқтатылып, мамыр, маусым және шілде айларында алған 368 658 теңгені қайтару туралы хабарлама берілді.

Сол сияқты, Жамбыл ауданындағы Қостөбе ауылының тұрғыны, зейнеткер Ақылтай Рахманқұлов та 2019 жылы 20 мамырда өтініш берген. Отбасы құрамында 8 адам деп көрсетілген. Отбасында өзі, баласы мен келінінен басқа 5 бала бар. Өтініш беру кезінде жан басына шаққандағы табысы 19 078 теңгені құрап, оларға 1 267 848 теңге тағайындалған. Яғни, айына 105 654 теңге алған. Алайда, зерделеу барысында иелігінде 37 жылқысы және 5 сиыры бар екені анықталды. Бүгінде оларға тиесілі 316 962 теңге көлеміндегі атаулы әлеуметтік көмек тоқтатылып, оны қайтару туралы хабарлама берілді. Облыс әкімдігінің Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдармалар басқармасының мәліметіне сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау және төлеу барысында кемшіліктер орын алған 6 891 отбасының тізімі анықталған. Оның ішінде 933 отбасына заңсыз тағайындалған 133,5 миллион теңге бюджетке қайтарылуы қажет. Бүгінге 13,4 миллион теңге қайтарылған және қалған ақшаларды қайтару бойынша да жұмыстар жалғасуда.

«933 отбасыға төлемдерді тоқтату нәтижесінде жыл соңына дейін 362,6 миллион теңге үнемделетін болады. Бүгінде қалған 5 589 отбасы бойынша да төлемдер тоқтатылып, олардың заңдылығы, қайта есептеу қажеттілігі анықталу үстінде. Сонымен қатар, қаржы үнемдеу мақсатында 1 қыркүйектен бастап бүгінге дейін 730 өтініш тіркелсе, оның 385-іне көмек тағайындаудан бас тартылған. Тек 345-іне ғана 29,9 миллин теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған», - дейді басқарма басшысы Тимуржан Нұрымбетов.

Соңғы жаңалықтар