Жамбылда 3185 адам емхананы еркін таңдау құқығын пайдаланды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбылда 3185 адам өзіне ұнаған емхананы таңдады. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Жамбыл облыстық филиалының директоры Мавлюда Боқаева мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Алдағы уақытта емхана арқылы тіркеу тоқтатылады. Бұл шара жүйелі мәселелерді жойып, қызметін асыра пайдалану және фальсификация фактілерінің алдын алуға мүмкіндік береді. Бұған алаңдаудың қажеті жоқ. Тіркелу үшін емханаға барып үйренген азаматтар Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметіне жүгіне алады. Аталған орталықтардың Connection Point бөлімшелері арқылы емханаға тіркелуге болады. Сондай-ақ, «Egov.kz» электрондық порталының Telegram боты арқылы Смартфонның көмегімен бірер минутта тіркелуіне мүмкіндігі бар», - деді филиал директоры. 

 Егер азаматтар науқан кезінде емханасын ауыстырып үлгермесе, жылына бір рет еркін таңдау құқығын пайдаланып, емхана ауыстыруына мүмкіндігі бар. Облыста бұл мүмкіндікті биыл 3 185 адам пайдаланып, еркін таңдау жасаған.

«Тұрғындар қоныс аударғанда, емхана жабылып қалса немесе МСҚ-мен келісімшартты бұзса, жақын маңнан жаңа емхана салынса, емхана қызметіне қатысты шығындарды жабатын ерікті медициналық сақтандыру келісімшартын бекіткен жағдайда басқа емханаға ауыса алады. Қазір өзіңізді ғана емес, балаларды да онлайн режимде тіркеуге мүмкіндік туды. Жүйе барлық мәліметтерді қысқа мерзім ішінде, автоматты түрде шығарып береді. Бұл процесті барынша жеңілдетеді әрі артық құжат талап етпейді. Биыл тіркеу науқанына облысымыздың 22 медициналық ұйымы қатысты, оның 6-ауы - жекеменшік. Облыста 3 113 тұрғын дәстүрлі түрде емханаға тікелей хабарласып тіркелсе, 72 адам «Еgov.kz» электронды порталы арқылы тіркелген», - дейді Мавлюда Бокаева.

Айта кету керек, емхананы еркін таңдау құқығын пайдаланған 3185 азаматтың  11,1 пайызы - мемлекеттік емхананы, 88,9 пайызы - жекеменшік емхананы тандаған.  

Еске сала кетсек, ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай Жамбыл облыстық жедел жәрдем стансасына 27 автокөлік кілті табысталды. Шарада Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев медицина саласында атқаралып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып, облыста мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында қажетті 95 нысан салу жоспарланып, биыл 30 нысан, 2019 жылы - 40 нысан, 2020 жылы - 25 нысан салынатынын жеткізді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, облыста медицина саласын цифрландыруға ерекше мән беріліп отыр. Қазан айы бойныша, аймақта 5 260 медициналық жұмыс орны бар болса, соның 4 999-ы компьютермен қамтамасыз етілген. Жүз пайыздық көрсеткішке қол жеткізу үшін облыс бюджетінен 152 млн теңге бөлініп, 880 компьютер сатып алынды. Осы қаржыға тағы 133 компьютер сатып алынады.

Ғибрат Сембай

Соңғы жаңалықтар