Жамбылда 2000-ға жуық отбасы баспаналы болады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында биыл 465 мың шаршы метр тұрғын үй салынады. Нәтижесінде 2000-ға жуық отбасы баспаналы болмақ,-деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жобалар «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Олардың басым көпшілігі «7-20-25» бағдарламасымен беріледі. Бүгінге дейін облыс бойынша «7-20-25» бағдарламасымен 100-ден астам отбасы баспаналы болған. Мемлекеттік жоба басталғалы екінші деңгейлі банктерге 251 адам өтініш берсе, оның 131-і мақұлданған.

«Бағдарлама арқылы жалпы құны 812 миллион теңге несие рәсімделген. Бұл көрсеткішті еселеу мақсатында өңірде аудан, ауыл тұрғындарын көбірек қамту көзделіп отыр. Қазір жергілікті жерлерде түсіндіру жұмыстары басталды. Қазір Таразда бірыңғай ақпараттық орталық жұмыс істеп тұр. Мұнда халыққа тұрғын үй құрылысы, «7-20-25» бағдарламасының мүмкіндіктері, жалпы жоба туралы кез келген ақпарат тегін беріледі. Кеңсе ашылғалы 915 адамға кеңес беріліп, 70-тен астамының құжаттары рәсімделген», - дейді Тараз қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ғазиз Ералиев.

Айта кету керек, жалпы биыл мемлекеттік бағдарламамен өңірде 2305 пәтерлі 30 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. Оның екеуі - 2020 жылға өтпелі жоба. Ал 21-і несиеге берілсе, қалғаны сатып алу құқығынсыз үлестірілетін арендалық баспаналар болады.

«Аймақта бұл бағытта тұрғын үймен қамтамасыз етудің 3 жылдық жоспары бекітілді. Негізгі құрылыс жұмыстары облыс орталығындағы 15-ықшам ауданда қызу жүріп жатыр. Бас жоспарға сәйкес көне шаһардың бұл бөлігі жаңа орталыққа айналады. Қазір мұнда 80 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысы басталып кетті. Аймақта тұрғын үймен қамтамасыз етудің 3 жылдық жоспары бекітілді. Енді жыл сайын кемінде 20 тұрғын үй салынып, жылда 1600 пәтер тапсырылмақ», - дейді облыстық құрылыс басқармасының бас маманы Еркін Шайзадаев.

Соңғы жаңалықтар