Жамбылда 140 нысан сейсмикалық қауіпті деп танылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында зерделеу жұмыстары барысында 140 нысанның сейсмикалық қауіптілігі анықталған. Қазіргі таңда бұл нысандар қайта нақтылануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы облыстық сәулет және қала құрылысы басқарма басшысының міндетін атқарушы Дәулет Досановтың қатысуымен өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтылды.

«Жамбыл облысының сейсмотұрақтылығы 7 балды құрайды. Облыс бойынша сейсмоқауіптілігі жоғары аймақтар Тараз, Жаңатас, Қаратау, Шу қалалары және Т. Рысқұлов, Жуалы, Байзақ, Қордай, Жамбыл, Меркі, Талас, Шу аудандарын қамтиды. Әлеуметтік, тұрғын үй және коммерциялық бағыттағы сейсмикалық тексеруді қажет ететін нысандарды анықтау мақсатында нысандардың техникалық жағдайын, сейсмикалық төзімділігін зерделеу нәтижесінде 140 ғимарат анықталған»,-дейді Дәулет Досанов.

Алайда, басқарма басшысы Жамбыл облысында сейсмикалық қауіп төніп тұр деп аса үрейленудің орынсыз екендігін тілге тиек етті. Бұдан бөлек, аймақ бойынша автомобиль жолдары, көшелердің бойында орналасқан сауда орындары мен дүңгіршектерге зерделеу жұмыстары жүргізіліпті. Нәтижесінде - 109 сауда дүкені санитарлық-техникалық талаптарға сай болмай шыққан.

Соңғы жаңалықтар