Жамбылда 14 колледждің басшысы тәртіптік жазаға тартылуы мүмкін

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында арнайы құрылған жұмысшы топ облыстағы 23 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына тексеріс жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.     

Арнайы зерделеу қорытындысы бойынша, 3 колледжде білім сапасының төмендігі, 6  колледжде сабақ кестелері  дұрыс толтырылмағаны, 14 колледжде түлектердің жұмысқа орналасу деңгейінің төмендігі анықталған. Сондай-ақ, 4 колледжде дуальдық оқыту бойынша жұмыс берушімен келісімшарт жасалмаған болса, тағы 4 колледжде педагог қызметкерлердің сапалық құрамы төмен, біліктілік арттыру курстарынан уақытылы өтпеген. 

Ал, 19 колледжде медициналық кабинеттер талапқа сай толық  жабдықталмаған,  4 колледжде сабаққа қатысу деңгейі төмен, 1 колледж басшысының үстінен арыз-шағым түсу фактілері орын алған. Бұл туралы блыс әкімдігінде өткен жиында облыс әкімі аппараты әлеуметтік-саяси мониторинг бөлімінің басшысы Олжас Баққараев баяндады.

Жиында облыстық білім басқармасының  басшысы Рахия Тұрмаханбетова кемшіліктерге жол берген білім мекемелерінің атын атап, оларға ұсынылып отырған тәртіптік шараларды тілге тиек етті.  Ол 14 колледж басшысы мен 119 қызметкерді әртүрлі тәртіптік шараларға тартуды ұсынды.

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов осыған дейін бұл мәселені қадағаламаған облыстық білім басқармасы мен қалалық және аудандық білім бөлімдерінің басшыларын,  тиісті аудан әкімі орынбасарларының жұмысын сынға алды. 

Айта кетейік, колледждерде студенттердің сабаққа келмеуі, бітірушілердің басым бөлігінің жұмыссыз жүруі секілді келеңсіздіктер көп. Осыны ескерген өңір басшысы сапасыз білім, нәтижесіз жұмысқа қомақты қаржы жұмсағанша, ол қаражатты халықтың ауыз су, көгілдір отын секілді әлеуметтік мәселелерін шешу жолында пайдаланудың тиімділігін қадап айтты.

«Ендігі мақсат - жағдайды тез арада реттеу үшін нақты шараларды қолға алу. Ол үшін алдымен, бір аудандағы бір бағыттағы 2-3 колледжді біріктіріп, 2019 жылдан бастап аталмыш білім мекемелерінің жұмысын тұрақты түрде бақылау мен бағалау жүйесін қалыптастыру керек. Директорлардың біліктілігі бойынша өз лауазымына сәйкестілігі де жіті қаралатын болады», - деді облыс әкімі.


Ғибрат Сембай

 

Соңғы жаңалықтар