Жамбылда 12 ауылды газбен қамтамасыз ететін жаңа станса пайдалануға берілді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Қордай ауданындағы Отар ауылының маңында қуаттылығы сағатына 15 мың текше метр болатын жаңа автоматтандырылған газ тарату стансасы іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нысанның құрылысы қысқа мерзімде, яғни тамыз айында басталып, желтоқсанға дейін аяқталды. Құрылыстың жалпы құны 1 млрд теңгеден асады. Пайдалануға берілген Отар стансасының арқасында 42 мың адам тұратын Қордайдағы тағы 12 ауыл газға қосылатды.

Құны 4 млрд теңгеден асатын аталған елді мекендерге тартылған газ құбырының ұзындығы 175 шақырым. Көгілдір отынға бірінші болып Кенен және Отар ауылдарының тұрғындары қол жеткізді. Тиісті желілер «Отар аймағы» деп аталатын 12 ауылдың барлығына жеткізіледі, ал тұрғын үйлерді қосу процесі кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

«Бір жылдың ішінде бір аудандағы 22 елді мекенді газдандыру оңай шаруа емес. Өздеріңіз көріп отырсыздар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша сіздердің аудандарда көптеген жұмыс атқарылуда. Ауданды дамытуға 35 млд теңге бөлінді, 4,6 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Мен құрылысшылар мен газ қызметкерлеріне сапалы әрі тиімді жұмыс үшін алғыс айтамын», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев салтанатты шарада сөйлеген сөзінде.

Отар ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Саламат Молдажанов Отарда газдандыру жұмыстарынан бөлек, спорттық-сауықтыру орталығы ашылып, мәдениет үйі салынуда, инфрақұрылым дамуда екенін жеткізді.


Бұдан соң, станса қызметкерлері салтанатты түрде клапанды ашып, газ алауын тұтатты.

Тұрғын үйлерге газдың келгеніне ең алдымен үй шаруасындағы әйелдер айрықша қуануда. Аймақ басшысы ардагер С.Молдажановтың үйіне арнайы ат басын бұрды.

«Менің бұл үйге келін болып түскеніме 40 жыл болды, бірақ ешқашан газ болған емес. Қыста жылуға кем дегенде 10 тонна көмір жұмсалып, маусым шығыны 150 мың теңгеге дейін жететін. Енді, міне, күл-қоқыс шығарып, түн ортасында тұрып, пешке көмір салып әуре болмаймыз», - деді Жәмиға апай. Оны ұлы ақын Кенен Әзірбаевтың немересінің әйелі Гүлайша Кенен де қолдады.


«Ауылымыздағы тұрғындар тіпті газға қосылу үшін кезекке тұруда. Адамдардың өмірі жайлы бола түсті, - дейді Гүлайша.

Айта кетейік, биыл аудандағы 22 елді мекенді газдандыруға 11 млд-қа жуық теңге бағытталған. Бұған дейін көгілдір отын 10 ауылға тартылған болатын, олардың қатарында Масаншы, Сортөбе, Аухатты, Бұлар батыр, Қаракемер және басқа да ауылдар бар.


Соңғы жаңалықтар