Жамбылда 1,5 млрд теңгені жымқырған алаяқ 8 жылға сотталды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында 1,5 миллиард теңге көлеміндегі ірі қаржыны жымқырған алаяқ ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тараз қалалық полиция басқармасы құрған арнайы жедел-тергеу тобының жоғары кәсібилігі мен мінсіз жұмысының нәтижесінде Жамбыл облысында алғаш рет жеке кәсіпкерліктен ірі көлемдегі 1,5 миллиард теңгені жымқыру дерегі анықталып, дәлелденді. Ірі қаржылық алаяқтық әрекеті өңірдегі жанармай құю бекеттерінің бірінде орын алған. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыстағы білікті тергеушілердің тоғыз ай бойы жүргізілген жіті тергеу амалдарының нәтижесінде прокуратураның қадағалауымен қаладағы ірі жанармай құю желісінің иесі құрған күрделі қаржылық «басқатырғыштың» құпиясы әшкереленіп, заңсыз әрекеттері анықталған.

«Күдікті алдымен төрт автожанармай құю бекетіне иелік ететін серіктестіктің үш құрылтайшысының бірі бола тұра екі жолдасының сеніміне кіріп, барлық қаржы операцияларын өзі жүргізетін болып келіседі. Бұл мүмкіндікті ол өз пайдасына тиімді пайдалана білген. Уақыт өте келе үлкен табыс әкелген бизнес кеңейе түсті. ЖШС-де 23 жағар-жанармай стансасы және жеті мұнай қоймасы болды. Күдікті компанияның жеке басқарушысы бас директор мәртебесін иемденіп, ірі көлемде несие алып, оларды төлемей, компанияның атына қомақты қарыз жинайды. Ақшалай міндеттемелер шығарады және еншілес серіктестікті жасайды. Ол бір компаниядан екінші компанияға ақша аудару және есеп құжаттарын басқару арқылы негізгі ЖШС-ге зиян келтіреді» делінген ведомство хабарламасында.

Өзін ұзақ уақыт бойы жанармай құю бекеттерінің «патшасы» сезінген ол отбасын да осы бизнеске қосып, барлық пайданы өзі иемденіп отырған. Ол өзінің аса ірі көлемдегі кірісін мұқият жасырған. Бірақ серіктестік банкротқа ұшырағаннан кейін құрылтайшылар тексеру барысында кәсіпорынның тапшылығы сегіз миллиард теңгені құрайтынын анықтады.

Тоғыз айлық тергеу барысында төрт экономикалық сараптаманың көмегімен 2006-2015 жылдар аралығындағы банктік және салықтық есептер бойынша қаржылық құжаттарды жинау және қалпына келтіру қажет болды. Бұл өз кезегінде аса мұқияттылық пен асқан кәсібилікті қажет етті.

«Сот отырысына күдіктінің үш адвокаты қатысты. Айыптау тек оған ғана емес, оның әйеліне де тағылды. Өйткені көп қаражат сол арқылы өтіп отырған. Күдіктіге сот шешімімен 4,5 миллиард теңге айып тағылды. Мысалға алатын болсақ, ол кезде бұл қаржы бір Байзақ ауданының бюджетімен тең еді. Бірақ көп құжаттар жоғалғандықтан сот 1,5 миллиард теңге көлемінде шешім шығарды, олар толық дәлелденді. Полиция департаментінің тергеу бөлімшелері мұндай ірі көлемдегі қаржылық ұрлау дерегін алғаш рет қолға алды, күрделі экономикалық схемаларды анықтауға көп күш жұмсау керек болды. Осыған қарамастан, жедел-тергеу тобы атқарылған тапсырманы абыроймен орындады» делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сот күдіктіні сегіз жылға бас бостандығынан айырды. Бірақ рақымшылық шаралары ескеріле отырып бұл мерзім төрт жылға дейін қысқарды.



Соңғы жаңалықтар