Жамбыл жолдарының 60 пайызын ауыр жүк көліктері бүлдіреді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында жергілікті жолдардың 60 пайызы ауыр жүк көліктерінің салдарынан бұзылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде жыл сайын жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары орташа жөндеуден өтеді. Талдау нәтижелері көрсеткендей 60 пайыз автожолдардың қирауы ауыр жүк көліктерінің көбеюіне байланысты.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Ұлттық жол активтері сапасы орталығы Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Мырзахмет Ибрагимов жол сапасы мен ақауы жайлы баяндады.

Спикердің айтуынша, Жамбыл облысының жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарында ауыр жүк көліктері көп қатынайды.

Ал автомобиль жолдарының дені өткен ғасырдың 60-70 жылдары салынған.

Сондықтан жол төсемінің құрылымы көліктің әр осьіне жүктеме салмағы 8 тоннаға ғана есептелген екен.

«2020 жылдың соңына дейін біздің мамандар республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдарға 1038 рет шықты, 275 нысанға іс-сапар жасадық. Жұмыстың және материалдардың сапасын сараптадық. Ол үшін 1349 дана жол құрылыс материалдарын алып, сынама жасадық. 151 ескерту анықталды»,- деді, М. Ибрагимов.

Филиал директоры жол сапасын анықтау жұмыстарына 135 млн теңге қаржы бөлініп, ол толық игерілгенін жеткізді.

Биыл да республикалық маңызы бар жолдардың жұмысы мен материалдарының сапасы сарапталмақ. Ал сараптау үшін 65 млн 830 657 мың теңге жоспарланыпты.

Айта кету керек, жол сапасына жіті тексеруші мекеме техникалық қадағалау қызметтеріне разы еместігін жеткізді.

Сала мамандарының салғырттығы мезі еткен көрінеді.

«Осы жерде ерекше атап өткім келеді. Техникалық қадағалау қызметінің жұмысы тым нашар. Жұмыстарын сылбыр орындайды. Тіпті олардың құрылыс кезінде бақылау жүргізетіндіктеріне күмәнiм бар»,-деді спикер.


Соңғы жаңалықтар