«Жамбыл Жабаев - Ұлы даланың алып жыршысы» атты халықаралық конференция өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл халық ақыны, жыраулық өнердің шебері, айтыскер Жамбыл Жабаевтың туғанына 170 жыл. Айтулы датаға орай бүгін Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Алматы қаласының, Алматы облысының әкімдіктерінің және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұйымдастыруымен жыр алыбы Ж.Жабаевтың құрметіне арналған «Жамбыл Жабаев - Ұлы Даланың алып жыршысы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Бұл туралы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Халықаралық конференцияны Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев ашты. Ол алғы сөзінде бүгінгі шараның мәні мен маңызын атап өтіп, қала басшысы Б.Байбектің құттықтау хатын оқып берді. Ұлы Даланың алып жыршысы Ж.Жабаевтың 170 жылдығы Алматы қаласында да өз деңгейінде атап өтілетінін жеткізген А.Қырықбаев: «Ақынның мол мұрасы болашақ ұрпақ үшін баға жетпес қазына», - деді.

Басқосудың пленарлық мәжілісінде сөз алған қоғам және мемлекет қайраткері, белгілі ғалым, жазушы Мырзатай Жолдасбеков: «Есте жоқ ескі замандардан бергі ел тарихының көркем шежіресін жасаушылар да, оның сақтаушылары да ақын-жыраулар. Ғасырдан ғасырға ұласып, атадан ұрпаққа мирас болып жалғасқан қазақ сөз өнерінің айшықты бір саласын телегей-теңіз жыр тудырған сол ақын-жыраулар құрайды. Қазақ жыраулары тарихты түптен таратып айтатын шежірешілер, миллиондаған жыр жолдарын жадында сақтай алатын құдіреттер, Ұлы даланың көшпелі академиясы. Байтақ қазақ даласын жырға кенелткен, осы бір теңдесі жоқ биік өнерді биікке көтерген даңғыл жыраулардың ең соңғы үздігі Жамбыл. Ол эпик әрі айтыс ақыны, абыз жырау, жауынгер жыршы, шын мағынасындағы заңғар поэзияны жасаушылардың ең ұлысы. Жамбылдың құдіреті асқан шеберлігімен ғана емес, халық поэзиясының бұтақ жайған алып бәйтерегі болуымен де, халық ақындарының жаңа көшін бастаған дарабоздығымен де әлемді таң қалдырған болатын», - деп атап өтті.

Сондай-ақ, ғалымдар конференцияда жамбылтану бағытында елімізде жасалып жатқан ғылыми-танымдық зерттеу жұмыстары жөнінде, халық поэзиясының атасы атанған Жамбылдың даңғыл жыраулығы, ұлы айтыскерлік мұрасы, күйшілік, жыршылық өнері, ғажап әңгімешілдігі, байтақ шежірешілдігі мен ақын жырларының шеберлігі жайында сөз қозғап, ақынның өмірі мен шығармашылығын әдебиеттану, тіл білімі және әдістемелік қырынан жан-жақты қарастырды.

Шара аясында Ерлан Сыдықовтың «Жамбыл» атты кітабының тұсауы кесілді. Автор бұл кітапты Жамбыл Жабаевтың туғанына 170 жылдығына және Ұлы Жеңістің 70-жылдығына орай арнайы шығарғанын атап өтті.

Пленарлық мәжілістің соңы шағын концерттік бағдарламаға ұласты. Өмірі өлең жырмен өрнектелген, өнері ел-бесікте тербетілген, жыр жұлдызы Жамбыл бабамыздың рухына арналған концертте белгілі айтыскер ақын Серік Қалиев «Жамбылға арнау» өлеңімен жырдан шашу шашса, елімізге танымал бала Жамбыл ақын өлеңдері мен сиясы кеппеген жаңа туындыларын тарту етті. Жамбыл шығармашылығының шашасына шаң жұқтырмас, оза шауып бәйге алған бір саласы айтыс өнері де бұл кеште сахналанды. Жамбыл мен Айкүмістің айтысын бейнелейтін көрініс көпшілік көңілінен шықты. Сонымен қатар, концертте ақынның сүйікті ән-жырлары шырқалды.

Соңғы жаңалықтар