Жамбыл темір жолында вагондардың рельстерден шығып кетуі салдарынан зақымдалған учаскені қалпына келтіру жұмыстары аяқталуда

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл теміржолының Жамбыл-Түлкібас учаскесіндегі пойыздардың қозғалысы толық көлемде, жұп жол бойынша іске асырылуда, деп хабарлады Жамбыл облыстық ТЖД-нің баспасөз қызметінен.

Қазіргі кезде тақ жолда Жамбыл және Арыс (ОҚО) стансасының екі апаттық-қалпына келтіру пойызының күшімен жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жалғастырылуда. Теміржол төсемі вагондардың бөліктерінен тазартылып, темір жол шпалдары, рельстері қалпына келтірілуде, апатты вагондарды комиссиялық тексеру үшін жолдан айдап шығару іске асырылуда. Аударылған бес вагон жолдың шетіне шығарылды, рельстерден аударылмай шығып кеткен жеті вагонның төртеуі айдалып тасталды, үшеуі орнында тұр, деп нақтылады аймақтық ТЖД-нен.

Естеріңізге сала кетейік, 6 қаңтарда 23.45-те Тараз қаласынан 65 шақырым жерде 12 жүк вагоны жолдан шығып кеткен болатын. Соның салдарынан 16 жолаушылар пойызы кестеден қалып қойған еді.

Магистральді желі дирекциясының ақпаратынша, шамамен 100 м тақ жол зақымдалды. Бұдан басқа, кесілген ағаш материалдарының үгілуінен жұп жолдың беті жабылып қалды. Маневр тоқарбалары рельстен шықпаған 42 вагонды сүйреп әкетті, соның ішінде жүк тиелген 36 вагон Бурное стансасына, ал сұйық пропаны бар алты цистерна - Жуалы ауданының Маймақ стансасына әкетілді.

Апаттық-құтқару жұмыстарын өткізуге Жамбыл облысындағы Жамбыл стансасы мен Оңтүстік Қазақстан облысындағы Арыс стансасының арнайы пойыздары, жедел топ пен жедел-құтқару жасағы, Жамбыл облыстық ТЖД-нің «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстарының қызметі» ММ жұмылдырылған. Барлығы 200-ден астам адам мен 20 техника бірлігі қатысты. Барлық теміржол стансаларында ауыз су мен азық-түлікті тәулік бойы сату ұйымдастырылды. Кешіккен пойыздардың жолаушыларына медициналық көмек көрсету үшін Құмшағыл стансасында ҚР ІІМ-нің Жамбыл облысы бойынша ТЖК-нің «Апаттар медицинасы орталығы» ММ филиалы жедел әрекет ету тобының кезекшілігі ұйымдастырылды.

Тақ жолдағы апаттық-құтқару жұмыстарын бүгін, 8 қаңтар күні аяқтау жоспарланып отыр, деп сендірді Жамбыл облыстық ТЖД.

Соңғы жаңалықтар