Жамбыл шығармашылығы Елбасының Мəңгілік Ел патриоттық идеясымен үндес - Г. Əбдіхалықова

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Жамбыл Жабаевтың 170 жылдыған арналған «Ұлы дала жыршысы» халқаралық ғылыми симпозиумы басталды. Мәдени шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова қатысты.

Өзінің құттықтау сөзінде Гүлшара Әбдіқалықова Жамбыл Жабаев поэзиясының қазақ халқының өмірімен және тарихымен өзара тығыз байланысып жатқанын атап өтіп, оның шығармаларындағы негізгі ой өрімдері Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынған «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясымен үндесетінін айтты.

«Ұлтымыздың ұлы ақыны, жыр дүлдүлі Жамбыл Жабаев өз өмірі мен өнерін адамгершілік құндылықтарды, мейірімді жырға қосуға арнаған. Оның туындылары əлемнің 50-ге тарта халқының тілдеріне аударылды. Оның шығармашылығы тек қазақ қана емес, əлем ғалымдарының зерттеу нысанына айналды. Ел тарихында халқымыздың рухани тұғырын көтеруді мұрат еткен екі тұлға бар. Олардың бірі Абай болса, екіншісі Жамбыл Жабаев. Қос бəйтеректің де өлеңдері өзектес, тамырлас келеді. Олардың екеуі де ел еңсесі биік болса деген мұратын жырына арқау етті. Нұрсұлтан Назарбаев ұлы Жамбылды «адамдық пен адамгершіліктің, ізгіліктің алып жыршысы» деген тарихи бағасын берді. Ел бірлігін сақтаған татулықты айт деп жырлаған Жамбылдың туындыларынан бүгінгі бейбіт тірлік пен берекелі өмірін көргендей боламыз. Елбасы ұсынған Мəңгілік Ел патриоттық идеясымен тамырлас»,- деді Мемлекеттік хатшы Гүлшара Əбдіхалықова.

Симпозиумға қатысушылар «Тарихтың мәңгілік тұлғасы», «Ерлік поэзиясы: Ресейден көзқарас», «Шота Руставели Жамбыл поэзиясында» және басқа да ғылыми баяндамалар оқыды.

Алматы облысы əкімінің өкілі биыл жыр алыбы Жамбылдың 170 жылдығы аясында атқарылатын іс-шара туралы баяндап өтті.

Симпозиум жұмысына мемлекеттік органдар өкілдері, республикамыздың белгілі филолог ғалымдары, сондай-ақ Ресей, Грузия, Қырғызстан елдерінің зерттеушілері, жалпы алғанда 700-ге жуық адам қатысты.

Соңғы жаңалықтар