Жамбыл полицейлері Алматыда аңшылар дүкенін тонағандарды ұстады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жамбыл полицейлері Алматы қаласында аңшы дүкенін тонағандарды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

7 қаңтар күні Қордай ауданындағы «Алматы-Ташкент» күре жолында полиция қызметкерлері мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз жүрген Subaru Forester көлігін тоқтатты. Көлікті тексеру кезінде ішінен 12-ші калибрлі қарудың 10 данасы, 1 пневматикалық тапанша және аңшылыққа арналған жабдықтар табылды.

Тергеу барысында көліктің 24 жастағы жүргізушісі мен 27 жастағы жолаушы Алматы қаласындағы жаппай тіртіпсіздіктер кезінде аңшылық дүкенін тонағаны белгілі болды.

Қазіргі кезде күдіктілер уақытша қамау оқшаулағышына қамалды. ҚР Қылмыстық кодексінің 291-бабының 3-бөлімімен сот алдындағы тергеу амалдары жүргізілуде.

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында Қордай ауданының екі блок бекетінде полицияның 100-ге жуық қызметкері мен әскери қызметкер тәулік бойы қызмет етуде.


Соңғы жаңалықтар