Жамбыл облысының Жамбыл ауылында Жамбыл атындағы мектеп ашылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысындағы Жамбыл ауданының Жамбыл ауылында Жамбыл атындағы мектеп ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанатты шараға аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев арнайы қатысты.

Шағын ауылда 68 үй бар десек, ондағы тұрғындар саны – 546. Осыған орай жаңа мектеп те кішігірім, екі қабатты, жинақы болып бой көтерген. 100 оқушылық орынға арналған оқу ордасында 18 кабинет бар және асхана, кітапхана, спортзал, екі шеберхана, жылы әжетханамен қамтылған. Онда 14 бейнекамера орнатылған.


Мектеп «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында салынды десек, оның құрылысына 479 миллион теңге бөлінген. Мердігер – «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС.

«Білім беру жүйесін жетілдіру, жас ұрпақты ұлттық дәстүр рухында тәрбиелеу – қашанда мемлекеттің назарында. Білімді және мәдениетті жас ұрпақ, сапалы адам капиталы – елдің тұрақты дамуының кепілі. Сондықтан бірінші кезекте мектептер салу мен білім сапасын арттыруға барынша көңіл бөлінеді. Өткен жылы өңірімізде 21 білім беру нысанының құрылысы басталып, оның 13-і пайдалануға берілді. Биыл 175 жылдығы атап өтілетін Жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың есімін жаңа мектеп қана емес, ауыл да, аудан да, облыс та иеленген. Оның шығармалары – бізге ғасырлар бойы рухани азық болатын өшпес мұрамыз екендігі сөзсіз. Барлық ауыл тұрғындарын айтулы оқиғамен құттықтаймын!» - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.


Жергілікті ақсақал Естай Әлиев ауылдықтардың тату екенін, барлық мәселелерді бірлесіп шешуге тырысатынын атап өтті. Ауыл негізгі инфрақұрылымдар – ауыз су және газ, жақсы жолдармен қамтылған.

«Әкімдік біздің өтініштерімізді ескерусіз қалдырмайды, сол үшін халық атынан үлкен рахмет айтқым келеді», - дейді ақсақал.

Бұдан соң салтанатты түрде «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС басшысының орынбасары Олжас Қасымжан мектеп директоры Самат Мыңжасаровқа символикалық кілтті табыстады. Ал фойеде бастауыш сынып оқушылары «Ерке сылқым» күйін орындап, бауырсақ түрлері туралы әңгімелеп, қонақтарға мерекелік тағамдар ұсынды.


Соңғы жаңалықтар