Жамбыл облысының су тасқыны кезеңіне дайындығы қандай

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы аумағымен өтетін Шу, Талас және Аса өзендерінде су деңгейінің көтерілу, сондай-ақ тау бөктеріндегі еріген қар мен жаңбыр салдарынан су басу қаупі бар. Бұл орайда су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспары аясында 142 километр дренаж және суару каналдары тазартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сонымен қатар, 185 километр арық желісі, теміржол және автомобиль жолдарындағы 430 көпір және 1 790 су өткізу құрылғылары ретке келтіріліп, 5 гидротехникалық құрылыс пен 19 реттеуші құрылғы жөнделген. Бұл туралы өңірдегі Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бағдат Данилов айтып берді.

«Өңірде төтенше жағдайларға облыстағы жергілікті атқарушы органдардың корынан 363,8 миллион теңге, шұғыл шығындарға 489,6 милион теңге қаржы бөлінді. Су тасқыны салдарын жоюға қажетті 143 тонна жанар-жағармай, 11 мың тонна инертті материалдар, 40 мың қап дайындалды. Су тасқыны қаупі бар 26 учаскеде «Көктем« республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізіліп, азаматтық қорғаудың күштері мен құралдары көктемгі төтенше жағдайларға әрекет етуге дайындыққа келтірілді», - деп атап өтті Бағдат Данилов.

Оның сөзінше, жаттығу барысында халықты құлақтандыру, қауіпсіз орынға көшіру, апат аумағын тікұшақпен құтқару, ұшқышсыз ұшу аппаратымен барлау жасау, апат аумағынан адамдарды іздеу мен құтқару, оларға алғашқы медициналық көмек көрсету, су басу аумағынан алып шығу жұмыстарына дайындық пысықталған. Су тасу салдарының алдын алу және жою үшін жұмылдырылатын облыстың азаматтық қорғау аумақтық құрылымдарының күштері 4 971 адамды құраса, 697 бірлік техника, 22 жүзу құралы және 112 мотопомпа сақадай сай дайын. Зардап шеккендерді эвакуациялау және барлау жасау үшін «Қазәуеқұтқару» акционерлік қоғамының бір тікұшағы Тараз қаласындағы әуежайда кезекшілік режимінде тұр.

«Көктемгі орын алуы мүмкін төтенше жағдай кезінде көшірілген тұрғындарды уақытша орналастыруға мәдениет және білім ошақтарында 41 қабылдау пункттері, 70 палатка, 200 ұйықтайтын қап, 200 жиналмалы кереует, 10 жылыту қондырғысы дайындалып, департаменттің жедел әрекет ететін құрылымдары толық дайындыққа келтірілді. Пайдаланатын су қоймаларының облысаралық және мемлекетаралық маңызы бар ірі су қоймаларының жұмыс режимін бақылауды да жүзеге асырып жатырмыз. Мәселен, Киров су қоймасына тасқын суларды қабылдау мақсатында 27 наурыздан бастап су тастау көлемі секундына 10 текше метрге көбейтілетін болды», - дейді департамент басшысы.


Соңғы жаңалықтар