Жамбыл облысының сəйгүлігі Аламан бәйгеде топ жарды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Бүгін  Алматы облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен,  демеушілердің қолдауымен  Алматы облысы Жамбыл ауданындағы "Көкбастау" ипподромында Конституция күніне және Астана қаласының 20 жылдығына орай ҚР Президентінің Кубогы үшін ұлттық ат спорты түрлерінен жарыс өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осымен 20 жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан бәсекеге еліміздің түкпір-түкпірінен және көрші мемлекеттерден жалпы саны 170-тен астам сүйгүлік қатысты.

Көрермендерді қиқулатып, қошеметіне бөлеген тартысқа толы бәйгенің нәтижелері төмендегідей:

Тай жарыста 1-орынға Жамбыл ауданының атынан топқа түскен "Хантәңірі" жүйрігі келді. 2-орынды Қарасай ауданының намысын қорғаған "Фердоус" атты жүйрік иеленді. 3-орынды Талғар ауданында бапталған "Тұмар" атты жүйрік қанжығасына ілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Жорға аттар жарысында бірінші келген Астана қаласының "Эдельвейсі" болды.

Мәре сызығын екінші болып Алакөл ауданынының "Космос" атты жорғасы кесті. Үздік үштікті Сарқан ауданынан топқа түскен "Теміртас" түйіндеді. Жеңімпаздарға сәйкесінше "Лада гранта" автокөлігінің кілті,  150,0 және 120,0 мың тг. табысталды.

Құнан бәйгеде топтан оқ бойы оза келген Қарасай ауданының "Нұрқасқасы" бірінші орынды иеленді. Екінші болып топ жарған Талғар ауданынан жеткізілген "Барбара" сәйгүлігі. Бабы жарасып, үздік үштіктен көрінген Жамбыл облысының "Астана" атты құнаны. Бұл жолы да жеңімпаздар үштігіне жоғарыда аталғандай сыйлықтар табыс етілді.

Топ бәйгеде 1-орынды көрші Жамбыл облысынан жеткізіліп, топқа қосылған "Жүректоры" атты сәйгүлік иеленді. Жеңімпазға "Нива" автокөлігінің кілті табысталды. 2-орынды иеленген Қарасай ауданының "Қарашаш" атты жүйрігінің иесі "Лада Гранта" автокөлігін қанжығасына байлады.  3-орын да осы Қарасай ауданының жүйрігі  "Жел" атты тұлпарына бұйырып, иесіне 150 000 теңгенің сертификатын жеңіп алуына мүмкіндік жасады.

Осыдан кейін ат жарыстың төресі саналатын 25 шақырымдық Аламан бәйгенің де кезегі келіп жетті. Оған еліміздің әр түкпірінен 50 жүйрік қосылды. Нәтижесінде жеке дара озып, топты жарған Жамбыл облысының "Қаракөз" атты жүйрігі иесі Артығали Миразовқа "УАЗ Патриот" автокөлігінің кілтіне ие болуына жағдай жасады. Мәре сызығын жеңімпаздан сәл ғана қалып кесіп өткен Қарасай ауданының "Бұйражал" атты сәйгүлігінің иесіне "Нива" автокөлігінің кілті сыйға берілді. Сондай-ақ үшінші және төртінші орындарды Жамбыл ауданынан келген "Көкдауыл" мен "Нұрқасқа" атты қос жүйрік иеленді. Жүлдегерлерге сәйкесінше "Лада Гранта" автокөлігі мен 200 мың теңге қаржылай сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ осы күні көпшілік алдында өнер көрсеткен "Қыз қуу" мен "Аударыспаққа" қатысқандар жанкүйерлік  етуге жиналған мыңдаған көрерменнің көңілін көтеріп,  қошеметіне бөленді.

 

Соңғы жаңалықтар