Жамбыл облысының полициясы 250 жалған құжатқа қатысты пікір білдірді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында түпнұсқа құжаты жоқ 250 шетел азаматының Қазақстаннан шығарылуы жайындағы мәселе шешілуде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Еске сала кетсек, Қытайдан 2015 жылы келген этникалық қазақтардың Қазақстанда жалған ықтиярхатпен тұрып жатқаны анықталған болатын. Заңға сәйкес, олар елден депортациялануы тиіс болған. Олардың сөзіне қарағанда, егер Қытайға қайтса, ондағы жаңа қабылданған заң бойынша сотталуы мүмкін.

«ҚазАқпарат» ХАА тілшісінің Жамбыл облыстық ІІД көші-қон полициясы басқармасына берген сұрағына жалған құжаттың берілуіне Жамбыл көші-қон полициясы қызметкерлерінің ешқандай қатысы жоқ деген жауап келді.

«2015 жылы ҚХР азаматтары Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға ықтиярхат беру туралы өтініш жазған. Өтініштер 2015 жылғы 4 желтоқсандағы №992 бұйрықтың талаптарына сәйкес қабылданған, тіркелген және қаралған. Қажетті материалдардың барлығы жиналған. (...) Бірақ ұлттық қауіпсіздік органдарының тексеруінен кейін тұрақты тұруға тіркеу және рұқсат беруге негіз ретінде ұсынылған құжаттар жалған екені анықталған. Яғни, шетел азаматтарына жалған құжаттың берілуіне біздің қызметкерлердің ешқандай қатысы жоқ», - деп мәлімдеді облыстық ІІД көші-қон полициясы басқармасындағылар.

Олардың елден шығарылуы мүмкіндігі жайында көші-қон полициясы берген жауапқа қарасақ, қолданыстағы заңдылыққа сәйкес, азамат елден өз бетімен шығудан бас тартса, мәжбүрлі түрде шығарылады.

«Қазіргі кезде 250 шетел азаматын Қазақстан Республикасының аумағынан шығару жөніндегі мәселе қаралуда», - дейді облыстық ІІД КПБ-дағылар. Олардың сөзіне қарағанда, көші-қон бөлімшелерінің лауазымды тұлғаларына қатысты олардың қызметінде тәртіптік бұзушылықтың бар-жоқтығын анықтау үшін тәртіптік іс ашылған. Қызметтік тексерістерден кейін олардың нәтижелері туралы ақпарат берілетін болады.

Соңғы жаңалықтар