Жамбыл облысының полицейлері жыл басынан бері 210 қару тәркіледі

None
Фото: polisia.kz
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының полиция департаменті қызметкерлері қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған және заңсыз сақталған қаруларды іздеп, тәркілеу жұмыстарын әлі де жалғастыруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл басынан бері полициямен 210 бірлік қару тәркіленді, оның 37-сі 2022 жылдың қаңтар айында полиция департаменті қоймасынан ұрланған. Сондай-ақ, осы уақыт аралығында 3674 оқ-дәрі алынды. Қару-жарақтың негізгі бөлігі жасырын көмілген орындардан анықталды.

Мәселен, биыл 9 мамырда Тараз қаласындағы зираттан қару-жарақ табылды. Полицейлер 16 калибрлі «ИК-18» маркалы бір ұңғылы, 16 калибрлі «700 АТМ-У» маркалы екі ұңғылы аңшылық мылтықтарын және «МР-79-9 МТ» травматикалық мылтығын тәркіледі.

Тағы бір қару жасырылған орынды полиция қызметкерлері Тараздағы ескі бос ғимараттан тапты. Қаптың ішінен 16 калибрлі «ИЖ-26» маркалы қос ұңғылы аңшылық мылтық, 16 калибрлі «ИЖ-17» маркалы бір ұңғылы кесілген аңшылық мылтық, патрондары бар «ИЖ-СПЛ-01» маркалы тапанша табылды», – дейді Жамбыл облысы ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Нұржан Рахметуллаев.


Сондай-ақ, облыс орталығындағы темір жолдардың жанынан 16 калибрлі «ИЖ-ЗК» маркалы бір оқпанды аңшылық мылтық, «Байкал» маркалы травматикалық тапанша, «Скорпион» электрошокері және 27 оқ-дәрі табылған.

Полиция полковнигінің айтуынша, ішкі істер органдарында тіркелмеген қаруды құқық бұзушылар негізінен шаруа қожалықтарының аумағында сақтайды. 2023 жылдың мамыр айының басында Жамбыл аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Ақбұлым ауылының шетіндегі шаруа қожалығының аумағындағы сарайдан 16 калибрлі «ИЖ» маркалы бір оқпанды аңшылық мылтығын тауып, тәркілеген.

Қаруды іздеу және заңсыз айналымнан алу жұмыстары әлі де жалғасады.

Бұған дейін Жамбыл облысында тасжол жиегінен қару-жарақ табылғанын 5 жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар