Жамбыл облысының «Парасатты отбасылары» анықталды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында 5772 жанұя қатысқан «Парасатты отбасы» байқауы өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімдігінің білім басқармасы мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті, «Жамбыл–адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің бірігіп ұйымдастыруымен өткен шара парасатты отбасы құндылықтарын насихаттау, отбасы мүшелерінің арасындағы бауырмалдық, қайырымдылық, достық қарым-қатынасты қалыптастыру, заманауи жетістіктерге лайықты парасатты тұлғаны дамыту, озат-ойлы, парасатты, қайырымды оқушыны анықтау мақсатына негізделді.

Байқаудың аудандық, қалалық кезеңіне 5772 отбасы қатысып, үкіметтік емес ұйымдар, Нұр-Отан партиясы, ардагер ұстаздар мен қоғам қайраткерлерінен құрылған байқаудың қазылар алқасы үздіктерді анықтаған болатын. Ал, Тараз қалалық Мәдениет үйінде өткен «Парасатты отбасы» байқауының облыстық кезеңіне 67 отбасы жолдама алып, өзара бақ сынасты. Олар байқау шарты бойынша 11 номинация негізінде сайысқа түсті.

Отбасы – әр балаға үлкен өмірге есік ашатын негізгі орын. Отбасында өнеге, үлгі көріп, бойына жақсы қасиеттерді сіңіріп өскен балалар ертең еліміздің баянды болашағының кепілі болмақ. Парасатты отбасыдан шыққан ұрпақ ертең елімізді гүлдендіретініне сенемін. Ол үшін осындай маңызды, тағылымды шаралар жиі ұйымдастырылып тұрса игі іс болар еді»,- дейді «Асыл Арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ринат Нұрақбаев.

Сонымен тартысты өткен өнер мен өнегенің, бірлік пен біліктіліктің байқауында Жамбышл ауданынан қатысқан Сабырбековтар жанұясы жеңіске жетіп, «Парасатты отбасы» атанды. Өзге де қатысушылар арасынан он номинация бойынша үздік отбасылар марапатталды. Оларға дипломдар және бағалы сыйлықтар табысталды.

Жеңімпаз атанған отағасы Болат Сабырбеков байқаудың талаптары оңай болмағанын, алайда жұмыла көтерген жүктің ауырлық етпегенін тіліне тиек етіп, өзінің жүрекжарды қуанышымен де бөлісті.

Алдағы уақытта жарыстың жеңімпаздар мен белсенді қатысушылары парасаттылық «елшілеріне» айналған дәріскерлер пулын қалыптастырып, қоғамда парасаттылық мәдениетті көтеруге, әдептілікті дамытуға бағытталған дәрістер мен тренингтер өткізетін болады.

Соңғы жаңалықтар