Жамбыл облысының мектептерінде 210 робототехника кабинеті жұмыс істейді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының мектептерінде өткен жылы 161 робототехника кабинеті ашылса, ағымдағы жаңа оқу жылында ол көрсеткіш 49-ға артып, 210 кабинетке жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жыл соңына дейін тағы 20 робототехника кабинетін ашып, көрсеткішті елу пайызға жеткізу көзделіп отыр. Бұл туралы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында айтылды. Басқосуда облыстық Білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмағанбетова білім беру мекемелерінде IT-сабақтардың және робототехника үйірмелерінің ұйымдастырылу барысы туралы баяндады.

Оның айтуынша, бұл бағыттағы оқыту шараларын үйірмелер және таңдау курстары есебінен информатика пәндерінің мұғалімдері жүргізуде. Жалпы, облыс мектептерінде барлығы 790 информатика мұғалімі жұмыс істесе, олардың 62 пайызы «Робототехника негіздері», 46 пайызы «3D-притинг және бағдарламалау» тақырыптарында арнайы біліктілік курстарынан өткен.

«Өткен жылы өңірде дарынды балаларға арналған мамандандырылған ІТ-лицей-интернат ашылып, бүгінгі күні 7-9 сыныптарда 160 бала білім алуда. Сондай-ақ, аудандар мен Тараз қаласында былтыр 14 ІТ-сынып ашылса, биыл ол санды 50-ге жеткізу жоспарланған. Бұдан бөлек, білім басқармасына қарасты ақпараттық орталықтағы штат саны оңтайландырылып, бюджет қаражаты үнемделуде», - дейді Рахия Тұрмағанбетова.

Жиында аймақ басшысы Асқар Мырзахметов бұл бағытта жұмсалатын бюджет қаражатын тиімді жұмсалуына көңіл бөліп, сатып алынып жатқан техникалар мен жабдықтардың сапалы әрі заманауи болуына назар аудартты. Сонымен қатар, арнайы курстардан өткен ұстаздардың да білім сапасы шын мәнінде ойдағыдай бола бермейтінін баса айтып, осы тұрғыда зерделеу шараларын ұйымдастыруды тапсырды. Өңір басшысы ІТ-лицей мен сыныптардың және робототехника кабинеттерінің пайдалану тәртібі мен ережесін бекіту керектігін жеткізді.

Айта кетейік, бүгінде облыс оқушылары халықаралық, республикалық робототехника бойынша конкурстарға қатысып, жылдан-жылға жақсы жетістіктерге жетуде. Атап өтер болсақ, соңғы екі жылда халықаралық байқауларда 10 оқушы жеңімпаз атанса, өткен жылы республикалық жарыстарда - 30, ағымдағы жылдың бес айында 54 оқушы жүлдегер атанды. Сондай-ақ, министрліктің «Ақпараттық талдамалық орталығы» дайындаған «ҚР Білім беру жүйесінің ахуалы мен дамуы туралы» ұлттық баяндамада орта білімнің сапасы және басқа да түпкі нәтижелердің индексі бойынша Жамбыл облысы екінші орынды иеленген.



Соңғы жаңалықтар