Жамбыл облысының Байзақ ауданында ауызсу жүргізілмеген ауылдар санаулы

None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының Байзақ ауданында 43 елді мекен болса, соның 30-ы ауызсумен қамтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елді мекендерді ауыз сумен қамту бойынша 2021-2025 жылдарға арналған жоспарға сәйкес, бүгінгі күні аудандағы 13 ауыл орталықтандырылған ауызсумен қамтылмаған. Дегенмен, мұндағы 8 ауылға ауызсу жүйесін жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынып қойған. Осыған орай, былтыр құрылыс жұмыстарын жүргізуге қаржы қарастыру мақсатында Жамбыл облысы әкімдігінің Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына барлығы 2 млрд 644 млн 950 мың теңгені құрайтын бюджеттік өтінім жолданған.

Байзақ ауданы әкімдігі Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жарқынбек Шогаловтың айтуынша, қазіргі таңда республикалық және облыстық бюджеттерден тиісті қаражат бөлініп, 8 елді мекенде құрылыс жұмыстары басталып кетті.
Бөлім басшысының сөзіне сүйенсек, аудандағы Төрегелді, Жібек жолы ауылдарын ауызсумен қамту үшін де жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынған. Шахан ауылын Сарыбарақ ауылы арқылы орталықтандырылған ауызсумен қамту жоспарланған. Қазіргі таңда Сарыкемер ауылында – 3 036, Байзақта – 673, Таласта – 584, Қостөбеде – 295, Бурылда – 1 331, Жаңатұрмыста – 90, Көкбастауда – 204, Сеңкібайда – 121, Базарбайда – 180, Үлгіліде – 332, Қызыл жұлдызда – 715 аула орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған.
Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысын үш жылда 100 пайыз ауызсумен қамту жоспарланғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар