Жамбыл облысының балықшыларына субсидия берілмек

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында балық шаруашылығын дамытуды мейлінше қолға алынуда, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі таңда облыс аумағында 121 жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындыны болса, республикалық маңызы бар Балқаш көлінің 18 учаскесі орналасқан. Оның 83-і кәсіптен нәсіп табам деген 74 табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген.​ Қалған 38 балық шаруашылығы су айдыны әзірге бос. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи​ ресурстар және табиғат пайдалануды​ реттеу басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Жануарлар дүниесін қорғау және балық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Руслан Балтаевтың айтуынша, ағымдағы жылдың тамызында резервтік қордағы 13 балық шаруашылығына су айдындарын бекітіп беру конкурсы өткізілген. Конкурсқа 18 кәсіпкерден 20 конкурстық өтінім түсіп, нәтижесінде 5 кәсіпкерге 5 балық шаруашылығы су айдындары бекітіліп берілген. Алдағы уақытта қалған су айдындарына конкурс жарияланады. Жалпы өңіріміздегі балық шаруашылығы су айдындарына осы жылдың 15 ақпанынан бастап, 1 шілдесіне дейін балық аулау лимиті 673,3 тоннаны құраған. Бүгінгі күнге​ 666 тонна балық ауланыпты. Нәтижесінде табиғат пайдаланушылардан жергілікті бюджетке 11 млн 943 мың теңге түскен. Ал ағымдағы жылдың 1 шілдесінен 2021 жылдың 1 шілдесіне дейін облыс аумағындағы балық шаруашылығы су айдындарына балық аулау лимиті 1150,7 тоннаны құрап отыр

Облыстағы балық шаруашығын дамытуда су айдындарын тіршілік нәрімен қамтамасыз етуде кедергілер бар көрінеді.​

«Басқарма облыстағы барлық су айдындарын сумен қамтамасыз етілуін зерделеп шықты. Нәтижесінде, 121 су айдынның тек 17-де ғана су деңгейі тұрақты екендігі анықталып отыр. Біз облысымыздағы балық шаруашылығы су айдындарын сумен тұрақты қамтамасыз етпесек, келешекте балық шаруашылығын дамыту қиынға соғады. Оның үстіне, табиғи су қоймаларында өсірілген балық аулау квотасын көтеру де қиындық туғызады», - дейді маман.

Сондықтан басқарма жеке тоғанда интенсивті балық өсіру шаруашылығын дамыту тәжірибесін қолға алған. Бұл әдістің ерекшелігі сол Кәсіпкер өзінің жеріне тоған салып, балық өсіреді. Жем, шабақ, аналық балық сатып алу, құрал-жабдық сатып алу мемлекет тарапынан субсидияланады. Тоғанды алып қою қаупі болмайды.

«Жамбыл ауданында Жасөркен ауылының маңайында жеке кәсіпкер Сауранбаев Р. өзінің жеке меншік жеріне тоған салып, жылына 30 тоннаға дейін балық өндіріп отыр. Оның үстіне, тоған жағалауына демалатын орын салып, қызмет көрсетуде», — дейді Руслан Балтаев.

Сонымен қатар, өңірімізде тауарлы балық өсіру кәсібін өрістету жолға қойылуда. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, өңіріміздегі өзендердің жағасынан балық шаруашылығын жүргізуге қолайлы жерлерді анықтау мақсатында арнайы топ құрылған. Жұмысшы топ зерделеу жұмыстарын жүргізіп, Қордай, Шу және Мойынқұм аудандары арқылы өткен Шу өзенінің арнасын және Жамбыл мен Байзақ аудандары арқылы өткен Талас өзенінің арнасынан тоған жасауға жарамды 24 жер учаскелерін анықтаған. Қордай, Шу және Мойынқұм аудандарындағы Шу өзенінің бойында барлығы 119 гектарды құрайтын 13 учаске анықталып отыр. Мамандардың айтуынша, осы учаскелерде балық өсіру тоғаны жасалса, 238 тонна тауарлы балық өсіруге мүмкін болмақ. Ал Жамбыл және Байзақ аудандарындағы Талас өзенінің бойынан 16,6 гектар аумақты құрайтын 11 учаске алынып, ол жерде 24,8 тоннаны құрайтын тауарлы балық өсіруге болатындығын алға тартуда.​

Сондай ақ, өңірдегі тау бөктерлеріндегі салқын суларда форель шаруашылығын дамыту бойынша қарқынды жұмыстар басталған. Форель балығын өсіруге қолайлы өзендерді анықтайтын және резервтік қордағы балық шаруашылығы су айдындарына ғылыми зерттеу жұмыстарға облыстық бюджеттен 29,5 млн. теңге бөлініп, бүгінгі күні конкурс жеңімпазы «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-і танылған. Бұл орталық Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Жуалы аудандарының тау бөктерлеріндегі 22 тау өзендеріне және 36 балық шаруашылығы су айдындарына ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуде.​

Су айдындарында балық санын көбейту үшін бірінші балықтандыру жұмыстарын жүйелі жалғастыру керектігі анық. Бұл бағытта күзгі балықтандыру қарқынды іске асуда. Әрбір балық шаруашылығы су айдынындағы балықтандыру жұмысы Басқарманың және Жамбыл облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясымен құрылған балықтандыру жұмыстары комиссияның кесімі арқылы қабылдануда. Бұл шабақтардың басым көпшілігі шабақ өсіретін негізгі тәлімбақ — «Сандель» шаруа қожалығынан алынуда. Бұл тәлімбақ 10 млн шабақ өсіруге қауқарлы.


Соңғы жаңалықтар