Жамбыл облысының ауылдарында кадет сыныптары ашылуда

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысы Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылындағы мектептердің бірінде 2 кадет сыныбы ашылды. Онда кадеттерді 11-сыныпқа дейін оқытатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған жобаны Полиция департаменті облыстық білім басқармасымен бірлесіп іске асырып отыр. Байзақ ауданы полиция бөлімі бастығының кадр жөніндегі орынбасары, полиция майоры Ғалымжан Оразбековтің айтуынша, кадет сыныптарына ұлдар да, қыздар да қабылданады. Бүгінгі таңда әр сыныпта 20-25 тәрбиеленуші бар. Оларға құқыққорғау органдарының қызметіне қатысты талап пен тәртіп тереңдете оқытылатын болады.



Кадет сыныбына түсу кезінде балаларға құқыққорғау органдарындағы қызметпен байланысты оқудың басымдықтарын түсіндіреді. Алдағы уақытта ҚР ІІМ-нің жоғары оқу орындарында білімін жалғастырғысы келген жағдайда ұсынылатын мамандықтар тізбесі таныстырылады.

Кадеттер бірыңғай арнайы киіммен қамтылған. Болашақта балалар полицейлермен бірлесіп қоғамдық тәртіпті сақтауға, сондай-ақ мәдени және спорттық іс-шараларға қатыса алады.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы өзінің жыл сайынғы Жолдауларында өскелең ұрпақ арасында патриотизм сезімін қалыптастыру мен дамытудың маңыздылығына ұдайы назар аударып келеді. Соған орай, қолға алынған жұмыстардың бір бағыты ретінде өңірлердегі орта мектептерден кадет сыныптарын ашу республика аумағында кеңінен жүргізілуде. Жобаны ұйымдастырушы - Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі.

Соңғы жаңалықтар