Жамбыл облысының әкімі ауызсу, газбен қамтуды 3 жылда аяқтауды тапсырды
2022 жылғы 13 мамыр 13:56

Жамбыл облысының әкімі ауызсу, газбен қамтуды 3 жылда аяқтауды тапсырды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов тұрғындарды таза ауызсумен және табиғи газбен қамтуды 2025 жылы толық аяқтауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімдігінде өткен басқосуда Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев ауызсу, табиғи газбен қамту, жылу-энергетикасы және тұрғын үй жөндеу бағытында 133 жобаға 38,0 млрд теңге қарастырылғанын айтты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 39,2 пайызға көп.

Қазіргі таңда облыстағы 371 елді мекенде 1 150,1 мың адам тұрады. Оның ішінде 4 қалада (Тараз, Қаратау, Жаңатас, Шу) 460,3 мың адам, 367 ауылдық елді мекенде 689,8 мың адам бар.

Өткен жылдың қорытындысымен орталықтандырылған ауызсуға қол жеткізу көрсеткіші қалаларда 91 пайызды (419 мың адам), ауылдық елді мекендерде 88,8 пайызды (612,2 мың адам) құраған.

Қалалар маңындағы тұрғын алқаптар алдағы 4 жылда кезең-кезеңімен сумен қамтылмақ.

Бұдан бөлек, биыл орталықтандырылған ауызсумен қамтылмаған 69 ауылдың 33-іне құбыр тарту басталып, 25 ауылға жыл соңына дейін су берілетіні жоспарланған. Ал қалған 8 ауылдық елді мекеннің жобасы 2023 жылға өтпелі. Сондай-ақ 2024 жылға 15 жоба, 2025 жылға 21 жобаны жүзеге асыру көзделген.

«Біз негізгі жұмыстарды кейінге қалдырмай, 2022-2023 жылдары атқару керекпіз. Сондықтан 15 жобаның да құжаттама жұмыстарына бүгіннен кірісіп, келер жылға дайындауға тиіспіз. 2025 жылға жұмыстардың ең аз көлемін қалдырып, толығымен аяқтауға күш салу қажет», - деген облыс әкімі Нұржан Нұржігітов жоспарлы жобаларды қайта саралап, талдауды тапсырды.

Сонымен қатар, жиында тұрғындарды табиғи газбен қамту мәселесіне де айрықша назар аударылды.

Бүгінде облыстағы 371 елді мекеннің 257-сі (69,3%) немесе 1 018 мың адам (88,6%) табиғи газбен қамтамасыз етілген. Халық саны 200-ден аз ауылдарды қоспағанда, 2025 жылы көрсеткіш бұл 100 пайызға жететін болады.

«Біз болашағы жоқ ауылдар деген ұғымға басқаша көзқараспен қарау керекпіз. Халық саны аз деп газ, су тартып, жол салмайтын болсақ, ондағы тұрғындарды әлеуметтік нысандармен қамтымасақ, ол ауылдарға кім көшіп барады? Ауылдардың болашағын қолдан қиындатпайық. Қажетті жағдайларды жасайтын болсақ, жастар да сонда тұрақтайды. Осы тұрғыда кешенді түрде ойланып, есептеулер жүргізіп, мүмкіндіктерді қарастыру керекпіз», - деді Нұржан Нұржігітов.

Аймақ басшысы ауылдарға ауызсу, газ тартқанда құбырларды көшелермен жүргізу жұмыстары алдағы жобаларда міндетті түрде қамтылу керектігіне баса назар аудартты.

Газ тартылған ауылдардағы әлеуметтік нысандардың жылыту жүйесін көгілдір отынға көшіру жұмыстары кейінге қалмауы керектігіне көңіл бөлді.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT