Жамбыл облысының 80 жылдығына орай «Архив – тарих қазынасы» атты көрме ашылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Тараз қаласында Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында және Жамбыл облысына 80 жыл толуына орай «Архив – тарих қазынасы» атты фото-құжаттар көрмесінің ашылу салтанаты өтті, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық көрме залында өткен шараны салтанатты түрде облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова ашты. Ол өз сөзінде облыстың 80 жылдық тарихына тоқтала келіп, сол тарихты сақтайтын архивтің жұмысы көзге көріне бермейтін, бірақ тыңғылықты ісі көп мекеме екенін атап өтті. Сондай-ақ бұл жұмыстардың басы-қасында жүріп, 20-ға жуық архив құжаттары негізінде кітап жазған, күні кеше дүниеден өткен жазушы-журналист Мақұлбек Рысдәулеттің еңбегі ерен екенін айтып, еске алуға арналған бір минуттық үнсіздік жариялады.

Көрмеде архивте сақталған облыстың тыныс тіршілігінен дерек беретін жергілікті басылымдардың фото корреспонденттерінің суреттері қойылды. Арнайы жасалған 10 бөлімнен тұратын стендтерде негізінен облыстық бұрынғы «Еңбек туы», «Знамя труда» газеттерінде фото-тілші болған Орлик Ким мен Тілеумағамбет Елемісовтің еш жерде жарияланбаған 100-ге жуық фотосуреттері көрініс тұр. Облыстың әлеуметтік, экономикалық және мәдени тұрғыдан дамуына еңбегі сіңген архив қорындағы 80 адамның жеке тектік құжат көшірмелері, фото-альбомдар да көпшілік назарына ұсынылды.

Көрмені облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқарама басшысының орынбасары Сара Мадиева жүргізіп, архивтің бөлім басшысы Назым Қожамжарова көрме жұмысымен таныстырды.

«Сурет - тарих айнасы. Сондықтан да ұрпақ үшін өте қажет. Мұндағы барлық суреттер құнды. Өткеніміз бен бүгінімізді айшықтайтын фото деректердің бәрі біз үшін қымбат. 1939 жылы Жамбыл облысы құрылғаннан кейін оның түрлі саладағы қызметін атқаратын облыстың мекемелері де жасақталды. Соның бірі Жамбыл облысының тарихын жинақтап, сақтап отырған қара шаңырақ – облыстық мемлекеттік архиві. Архив қызметкерлері айтулы датаны атап өтуде өлке тарихынан сыр шертетін фото-құжаттардың көрмесін ұйымдастыруды жөн деп таптық»,-деді Назым Қожамжарова.

Айта кетейік, көрмеге қойылған әр суреттің тарихы берілген. Қонақтар тарихи сәтке айналған ерекше суреттермен танысып, көптеген жаңа мағлұматтар ала алды. Олар өз білгендерімен де бөлісіп, алдағы уақытта көрменің ауқымын, архивтің ғимаратын кеңейту туралы ұсыныстарын да жеткізді. Облыстың сексен жылдық мерейтойына негізделген көрме жыл соңына дейін көпшілік назарына ұсынылмақ.

Соңғы жаңалықтар