Жамбыл облысындағы жауынгерлік парад тікелей эфирден көрсетіледі

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында өтетін Жеңіс күніне арналған жауынгерлік парад ұлттық және жергілікті телеарналарда трансляцияланады. Бұл туралы облыстық әкімдіктің ішкі саясат басқармасының басшысы Ғалия Боранбаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, Қазақстан Қарулы Күштерінің жауынгерлік күші мен заманауи техникалық жабдықталуын көрсететін бұл парадқа үш мыңға жуық әскери қызметші, 300-ден астам әскери техника және 30-ға жуық ұшу аппараттары қатысады. Жауынгерлік парад ұлттық және жергілікті телеарналарда трансляцияланады. Аудан орталықтарындағы Мәдениет үйлерінде арнайы көрсетілімдер ұйымдастырылады.

Спикер Отан қорғаушы күніне арналған басты шаралардың 7 мамыр күні 11:00-де Қордай ауданында өтетінін еске салды. Онда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен жауынгерлік парад өтеді.

«Жауынгерлік парад екі бөлімнен құралған. Бірінші бөлімінде қалалар мен облыстардың әкімдеріне Жауынгерлік тулар табысталады. Одан кейін салтанатты маршпен 12 жаяу парад тобы жүріп өтеді. Оның құрамында Қазақстан армиясының Арнайы операциялар күштері, Мемлекеттік күзет қызметі, Ұлттық гвардия және өңірлік әскерлердің әскери қызметшілері бар. Екінші бөлімде бес тактикалық эпизод көрсетіледі», - деп толықтырды басқарма басшысы.

Сондай-ақ, бұл күні Жамбыл облысы аумағында орналасқан бес әскери бөлімде және Қордай, Мерке, Жамбыл аудандарындағы шекаралық заставаларда  «Ашық есік күндері» өтеді.

Соңғы жаңалықтар