Жамбыл облысындағы жәрмеңкеде 300 тоннадан астам агроөнім сатылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойына орай Тараз қаласында екікүндік ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс орталығында өткен жәрмеңке өңірдің айтулы мерейтойы мен ауыл шаруашылығы еңбеккерлері күніне орай ұйымдастырылды. Оған облыстың барлық 10 ауданы мен Тараз қаласының тауар өндірушілері атсалысты.

Екі күнге жалғасқан жәрмеңкеде өнімдер бағасы нарықтағыдан 8-20 пайыз аралығында төмен болды. Атап айтсақ, бұл күндері қала тұрғындары қой етін 1 550 теңгеден, сиыр етін 1 700 теңгеден, жылқы етін 1 800 теңгеден, шошқа етін 1 700 теңгеден, қазыны 2 000 теңгеден сатып алды. Сондай-ақ, фабрикадағы тауық етінің келісі 820 теңгеден, ірімшік 1 300 теңгеден, балық 600-700 теңгеден, жұмыртқа 23 теңгеден (1 дана), үй сүті 160 теңгеден (1 литрі) сатылды.

Алғашқы күні Тараз қаласы және Байзақ, Жуалы, Талас, Мойынқұм, Шу аудандарының тауар өндірушілері мен тұрақтандыру қорының өнімдері сатылды. Ал, ертесіне Жамбыл, Меркі, Қордай, Т.Рысқұлов, Сарысу аудандары мен тұрақтандыру қорының өнімдері ұсынылды.

Жәрмеңкеге арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев қойылған тауарлардың сапасы мен бағасына база назар аударып, бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Жәрмеңкеде сатылған ауылшаруашылық тауарларының жалпы құны 89,9 миллион теңгені, көлемі 314 тоннаны құрады. Оның ішінде, ішінде 20 тонна ет, 8 тонна сүт өнімдері, 6 тонна шұжық өнімдері, 8 мың дана жұмыртқа, 4 тонна балық, 2 тонна бал, 1,5 тонна кондитерлік өнімдер мен 4 тонна макарон өнімдері, 0,8 тонна тұз және 266,7 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері бар», - дейді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев.

Соңғы жаңалықтар