Жамбыл облысындағы мектептердің барлық қызметкері 100 пайыз вакцинациялаудан өткен

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысындағы білім беру мекемелерінің барлық қызметкерлері COVID-19-ға қарсы вакцина салырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі мәлімет бойынша 1 қыркүйекте Жамбыл облысындағы 442 мектепке 240 мың оқушы барады. 22 мыңнан аса бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттамақ.

Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Жамаловтың айтуынша, биыл 23 білім беру нысанының құрылысына 8,9 млрд теңге бөлінсе, оның 11-і биыл пайдалануға беріледі. Нәтижесінде бір апатты, 3 үш ауысымды, 2 оқушы орын тапшылығы бар, 2 тозығы жеткен мектептің мәселесі шешіледі. Барлығы 16 білім беру нысанын күрделі жөндеуден өткізуге 3,6 млрд теңге бағытталған.

Барлық мектептер бейнебақылау камерасымен қамтамасыз етілген. 47 мектепте турникет, 18 мектепте дабыл түймесі орнатылған.

Талғат Жамалов мектеп оқушыларын жаңа оқу жылында оқулықпен және оқу-әдістемелік құралымен қамтамасыз ету жайына да тоқталып өтті. Бұл мақсатқа бюджеттен 3,1 млрд теңге бөлінген. Мемлекеттік сатып алу негізінде сатып алынатын оқу құралдарын жеткізу 20 тамызға дейін толығымен аяқталады.

Білім беру мекемелерінің барлық қызметкерлері (медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарды қоспағанда) COVID-19-ға қарсы вакцина қабылдаған.

«Мектептерде санитарлық талаптарды сақтауға айрықша көңіл бөлінетін болады. Балалардың денсаулығы бәрінен маңызды, сондықтан әр сынып өз кабинетінен ауыспай оқиды. Маска режимі сақталады. Барлық білім беру нысандары Ashyq қосымшасына қосылған», - деді Талғат Жамалов.

Оның айтуынша, егер бір оқушыдан коронавирус диагнозы анықталса, онда сол сынып онлайн оқыту форматына жіберіледі.

Аймақ басшысы тиісті басқарма мен білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі департаментке бірқатар тапсырмалар жүктеді.

«Барлық оқушыларды оқулықтармен, елді мекендердегі интернеттің сапасы мен жылдамдығымен қамтамасыз ету, апатты мектептер мәселесін зерделеу, мектептерді облыстық полиция департаментінің жедел басқару орталығымен интеграциялау бойынша жұмыстарды аяқтау, білім беру нысандарын жылыту маусымына дайындауды жеделдету, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа жүйесін енгізу қажет», - деп талап етті өңір басшысы.


Соңғы жаңалықтар