Жамбыл облысындағы ежелгі Барқуап қаласынан таңғажайып дүниелер табылуда

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының Жуалы ауданынан табылған ежелгі Барқуап қаласының құпиялары ашыла бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске сала кетейік, Жуалы ауданы әкімдігі қаржыландырған «Терс» ғылыми-зерттеу археологиялық экспедициясы Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы көне қалашықтың орнында қазба жұмыстарын бастаған болатын.

ҚазАқпарат тілшісі ежелгі қаланың орнында жүргізілген қазба жұмыстарын көріп қайтты.

«Биылғы жыл біз үшін жемісті болды. Бұл ескерткішті Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы өткен ғасырдың 50-60 жылдарында-ақ зерттеген болатын. Сол кезде ескерткіштер біздің заманымыздың VI - VII ғасырларына тән деген қорытынды шығарылған. Ал қазір табылған материалдар бұл қаланың біздің заманымыздың бірінші ғасырында, тіпті оған дейін де өмір сүргенін растап отыр», - дейді Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының бас қызметкері Дүкей Тәлиев.


Оның сөзіне қарағанда, ескерткіш Қазақстандағы біздің заманымыздың басынан бері қаз қалпында сақталып келе жатқандығымен маңызды. 
«Қазірге дейін Қазақстан аумағында б.з.б. ІІІ ғасырдан б.з. ІІІ ғасырға дейінгі аралықта, яғни 600 жыл бойы Қаңлы мемлекеті өмір сүрген деп саналады. Қытай жылнамаларындағы деректерге сүйенсек, Қаңлы мемлекетінің шығыс шекарасы Талас өзені арқылы өтеді. Қазіргі Қазақстан және Орта Азия аумағында Қаңлы мемлекетіне жатқызылатын бірнеше археологиялық мәдениет бар. Қаңлы дәуіріне жататын ескерткіштердің бәрін Отырар-Қаратау ескерткіштері деп атау қалыптасқан. Сырдарияның орта ағысындағы Жетісар мәдениеті б.з.б. ІІ ғасырдан б.з. ІІ ғасырға дейінгі кезеңге жатқызылады. Табылған артефактілердің барлығының өзіндік ерекшелігі бар, сондықтан ол мәдениеттерге әртүрлі атаулар берілген», - дейді ғалым.

Қазба жұмыстарына ол жерге жапсарлас орналасқан мола кедергі жасап тұр. Археологтар екі метр топырақ қабатын ашып, ежелгі ғимараттың үстіңгі жағына кез болды. «Бұл тұтас қаз қалпында сақталған ғимарат. Әзірше оның не мақсатқа қызмет еткенін айту қиын. Бір жарым-екі метр тереңдей түскен соң ол туралы тұщымды бірдеңе айтуға болады», - дейді археолог.


Табылған заттардың көпшілігі жаңа тарихи-өлкетану музейіне берілді. Музей жуық арада Жуалы ауданының орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында ашылады. 
Дүкей Тәлиев сенсация боларлықтай екі бұйымды көрсетті.
«Қаңлы типіндегі құмыра қолдан жасалған, онда тіпті шебердің саусақтарының ізі де сақталған. Дәл осындай құмыралар Арыс өзенінің маңынан да табылған. Шардарадағы, Түркістандағы қазба жұмыстары кезінде де осы құмыраның бірнеше нұсқасы табылған. Құмыраны солармен салыстыра отырып, Барқуап қаласының біздің заманымыздың І ғасырына, тіпті біздің заманымызға дейінгі І ғасырға тән екені туралы нақты айтуға болады. Ал мына құмыра көзе ұршығында жасалған. Құмырадағы өрнек қаңлы кезеңіне тән».


Ежелгі Барқуап қаласын келіп көрген белгілі қазақстандық археолог, тарихшы Карл Байпақов оның Қаңлы мәдениетіне тән екенін растады.
Тарихшылар Жуалы даласын жастанып жатқан үлкен қорғанның астында ежелгі ірі Барқуап қаласы жасырынып жатқанына сенімді болып отыр. Арабтың көне жазбаларында Ұлы Жібек жолының бойында стратегиялық маңызы бар Барқуап қаласы туралы айтылады. Бүгінгі таңда осы маңда Барқуап ауылы отыр. Тұрғындар ауыл маңынан ежелгі мәдениет белгілерін жиі тауып алады. Мұнда археологиялық қазба жұмыстарының жүргізілуіне бастамашыл болған да - солар.


«Табылған бұйымдар мұнда Қаңлы мемлекетінің билеушілерінің жазғы резиденциясы болғанын көрсетеді, - дейді Жуалы ауданының әкімі Бақтияр Көпбосынов. - Өйткені жазда тау етегінде жатқан Жуалының табиғаты жанға жайлы, айнала көрікті, қайнар бұлақтар бар, салқын самал есіп тұрады. Қазірдің өзінде Таразбен салыстырғанда 5-7 градус айырмашылық бар. Бұл өлкенің Мыңбұлақ аталуы да тегін емес».

Алдағы уақытта Жуалы ауданының басшылығы мұнда ашық аспан астындағы музей, Жамбыл облысына келетін туристерді осында әкелетін тағы бір бағдар ашуды жоспарлап отыр.

 

 

 

Соңғы жаңалықтар