Жамбыл облысындағы ең лас аймақ белгілі болды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Өнеркәсіп кәсіпорындары мен көліктерден қоршаған ортаға келетін зиян жамбылдық экологтарды қатты алаңдатып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осыған қарай қазір жағдайда бақылауға алу үшін кешенді шаралар атқарылуда. Жамбыл облысының аумағында өңірдегі экологиялық жағдайға мониторинг жүргізіп отыратын 9 станса бар»,-дейді Жамбыл облысының бас экологиялық инспекторы Ерлан Қойшыбаев.

Оның сөзінше, 2017 жылы жүргізілген зерттеулердің нәтижесі бойынша, Жамбыл облысындағы ең лас қала Қаратау екені белгілі болды. Аталмыш аймақта ластану индексі 7,39-ды құраған. Ал Таразда бұл көрсеткіш бұдан төмендеу - 5,37. Дегенмен бұл аз емес.

Қаратау Талас ауданының әкімшілік орталығы. Өнеркәсіп кәсіпорындары шоғырланған бұл қала Қаратау-Жаңатас фосфор бассейнінің орнына салынған. 90-шы жылдары бұл өңір тоқырауға ұшырады. Ал қазір аймақта өнеркәсіп қарқынды дамып, инфрақұрылымы жаңарып келеді.

Ерлан Қойшыбаевтың сөзінше, 2003 жылдан бастап, өнеркәсіп өнімінің көлемі аймақта Қаратауды қоса алғанда 2,5 есеге артқан.

«Мұнда шамамен 50-ге жуық өнеркәсіп және қайта өңдеу кәсіпорындары ашылды. Осыған байланысты ауаға ластаушы заттардың да тасталуы үдеді. 10 жыл бұрын зиянды заттардың ауқымы облыс бойынша, 20 мың тоннаны құраса, бүгін бұл көрсеткіш 70-ке жеткен. Бұл ретте көліктерден бөлінетін зиянды газдар да қоршаған ортаның ластануына айтырлақтай ықпал етіп отырғандығын айта кеткен жөн. 2007 жылы Таразда 90 мыңнан астам көлік болған болса, бүгінгі олардың саны үш есеге артқан. Соған қарай ауада азот оксиді мен көмірқышқыл оксиді көбейген. Мұның бәрі әрине, адамдардың денсаулығына зиян»,-деді Ерлан Қойшыбаев.

Соңғы жаңалықтар